Пантосанаторийге емделушілер саны артты

Мәртөк ауданының Казанка ауылындағы шипажайға емделушілер жиі барады. Шаруашылық бірегей ем иммунитетті арттыруға септігін тигізеді, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбеде ғана емес, Батыс Қазақстан үшін таңсық істі қолға алған кәсіпкер бір жылды артта қалдырды. Қазір 150 бас марал Мәртөктен ұзап кетпейді. Алғашқыда «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасымен несие алып істі бастап, кейін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 12 миллион теңге рәсімдеді. Бұл қаржыға кәсіпкер шынжыр табанды тиегіш сатып алды. Қыста қар тоқтатып, жол ашуға арналған техникаға қаржы 6 пайыздық үстемеақымен берілді.

«Пантоемдеу табиғаттың балшығы, суы емес. Маралды бағу, баптау қажет. Қанынан биологиялық қоспа жасалады. Сол қоспа күш-қуатты, иммунитетті арттырады. ХVІІІ ғасырдан бері Қытай, Корея, Жапония емнің бұл түріп қолданып келеді. Ақтөбеге әкеліп, жерге үйрету қиын болды. Қорыққанмен тәуекелге бел буып, дамытып келеміз. Қазір төлдеп жатыр. Ем химиялық терапиядан кейін өте пайдалы. Ағзадағы ауыр металдарды шығарып, тазартады», — деді кәсіпкер Бану Тілегенова.

Айта кетейік, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ы облыстық филиалы несие бөлімінің басшысы Нұрлан Қосмағамбетовтың айтуынша, кәсіпкерлікті дамытуға «Еңбек» бағдарламасымен 2019 жылға 3,8 миллиард теңге бөлінді. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры 2,1 миллиард теңгені игеруі тиіс.

«2018 жылы 655 кәсіпкерге несие берілді. Оларға 2,4 миллиард теңгеге көмек көрсетілді. Осы жылдың бес айлық қорытындысы бойынша қаржының 35 пайызы игерілді», — деді Нұрлан Қосмағамбетов.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: