Арыстағы апат: Қазақстандықтар екі күнде 150 тонна көмек жөнелткен

Қазіргі уақытта Арыс тұрғындарына қазақстандықтар жөнелткен гуманитарлық көмектің көлемі 150 тоннаны құрады. Бұл жайында Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі Сәкен Қалқаманов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Түркістан облысының әкімдігі Түркістан облыстық әлеуметтік даму корпоративтік қорының базасында Түркістан мен Шымкент ӘКК-лерін, мемлекеттік мекемелерді, «Атамекен» палатасын тарта отырып, эвакуациялық пунктерде орналасқан Арыс қаласының тұрғындарына азық-түлікпен көмек көрсету штабын құрды. Ауқымды қайырымдылық акциясы аясында облыс әкімдіктерінің, қоғамдық бірлестіктердің, түрлі қауымдастықтардың, Қазақстаның барлық өңірлерінен қарапайым тұрғындар мен фермерлердің тарапынан 150 тоннадан астам балалар тағамы, киім-кешек, жеке гигиеналық заттар, төсек жабындылары қор қоймасына жиналды», — деп жазды ол Facebook-те.

Әкімдік мәліметінше, жүктер Қарағанды, Жамбыл, Қызылорда, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Алматы облыстарынан, Алматы мен Шымкент қаларынан жеткізілген. Қайырымдық көмек әлі де үлкен көлемде келіп түсіп жатыр. Штабқа 44 өтініш түсіп, оған сәйкес 50 тонна азық-түлік пен тұрмыстық заттар таратылып берілді.

Бұған дейін гуманитарлық жүктерді қабылдау пунктері тәулік бойы жұмыс істеп жатқанын хабарлаған болатынбыз.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: