АҚШ Украинаға 250 млн доллардың әскери көмегін береді

Көрнекі сурет.

АҚШ қорғаныс министрлігі Украинаның шығысында ресейшіл сепаратистерге қарсы күрес жүргізіп жатқан үкімет күштеріне 250 миллион доллардың әскери көмегін береді. Пентагон бұл туралы мәлімдемесін 18 маусымда ресми сайтында жариялады, деп жазады Азаттық.

Пентагонның хабарлауынша, жаңа транш аясында Украинаның әскери-теңіз күштері мен армиясына әскер құрал-жабдықтар беріледі, қосымша оқу-жаттығулар өткізіледі. Мәлімдемеде бұл серіктестікке Украинадағы реформалар негіз болғаны, оның нәтижесінде Украина әскері НАТО стандарттарына жақындай түскені айтылған.

Ресей Украинаның шығысындағы сепаратистерге түрлі әскери құрал-жабдықтармен, соның ішінде 450 танкі және 700 ауыр техникамен көмектесіп отыр деп мәлімдеді АҚШ-тың Украинадағы бұрынғы елшісі Джон Хербст. Ол мұны Пентагонның мәлімдемесінен кейін, АҚШ сенатының халықаралық қатынастар комитетінде өткен тыңдауда айтты.

АҚШ 2014 жылдан бері Украинаға құны 1,5 миллиард долларға жуық әскери көмек көрсеткен. Әскери көмектің негізгі мақсаты – Украинаны Ресей агрессиясынан қорғау және украин армиясын реформалауға септесу.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: