«Бақытты отбасы»: 1600 пәтер дайын тұр

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 2 пайыздық үстемеақымен несие беруді келесі аптада бастауы мүмкін, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе қаласы бойынша «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында кеңес беру жалғасып жатыр. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкті облыстық филиалы директорының орынбасары Жанболат Кауменовтың айтуынша, екі аптада 1500-ден астам адам пәтер алудың жолын білген.

«Кәмелет жасқа толмаған төрт және одан да көп баласы бар немесе білім алып жүрген баласы 23-те келмеген болса олар бағдарламаға қатыса алады. Толық емес отбасы, мүмкіндігі шектеулі бала бағып отырған да пәтер ала алады. Баспанасы болмауы, табыс көзі әр адамға шаққанда 42 500 теңгеден аспағаны дұрыс. Несие 19 жылға беріледі. Бастапқы жарна – 10 пайыз. Ақтөбе облысы бойынша пәтер бағасы 10 миллион теңгеден астауы тиіс. Адамдар жаңа салынған үйден немесе қолданыстағы пәтерден, жеке тұрғын үйден ала алады», — деді Жанболат Кауменов.

Қазіргі уақытта Ақтөбе қаласы бойынша көпқабатты тұрғын үйлер «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында беруге дайын тұр.

«Қалада 1600-ден астам пәтер бар. Адамдар халық кеңсесіне келіп, пәтер алудың жолын біле алады. Бірнеше жыл кезек күтіп отырған адамдар бір күнде ХКҚО барып, талас тудырудың қажеті жоқ. Пәтер өз ретімен, аса мұқтаж адамдарға әкімдік пен банк келісімі аясында таратылады», — деді қала әкімі Ілияс Испанов.

Айта кетейік, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне Үкіметтен қаржы бөлінсе, маусым айының соңында бағдарлама аясында пәтер алуға құжат қабылдау басталуы мүмкін.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: