Тұрғынға «Кет, құры!» деген әкім қатаң сөгіс алды

Суретке түсірген Хайреддин Раушанов

Хромтау ауданына қарасты Абай ауыл округінің әкімі Әлібек Мұстафин Әдеп кеңесінде өз кінәсін мойындады. Оған қатаң сөгіс жазасы тағайындалды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

9 мамыр күнгі салтанатты шарада ауыл тұрғыны Иван Аржинт сахнаға шығып, ардагерлерді құттықтамақ болды. Алайда әкім Мұстафин оның ардагер еместігін айтып, оған сөз бермей қойыпты. Дегенмен тұрғын бәрі бір ел алдында сөз сөйледі. Әкім сөзін аяқтаған тұрғынды саябақтың кіреберісіне апарып, екеуі дауласқан.

«Менің ар-намысыма тиетін сөздер айтқан соң мен оған «кет, құры» дегенімді мойындаймын», — деді Әлібек Мұстафин Әдеп кеңесінің алдында.

Облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова мемлекеттік қызметкердің бұл әрекетін айыптады. Жан-жалға апармауға болатынын тілге тиек етті.

«Сол жерде тұрғынға сөз бере салу керек еді ғой. Сіз ауыл әкімі ретінде тұрғындардың мүддесін қорғауыңыз керек. Сіздің іс-әрекетіңізге қарап, халықта мемлекеттік қызмет, билік туралы жаман ой қалыптаса бастайды. Сіз – биліктің өкілісіз. Ауыл – сіздің жеке меншігіңіз емес», — деді Сәния Қалдығұлова.
Отырыс нәтижесінде ауыл әкіміне қатаң сөгіс жарияланды.

Айта кетейік, Әлібек Мұстафин осы іс бойынша бұған дейін әкімшілік жауапқа тартылған. Оған 12 625 теңге айыппұл төлеуге міндеттелген.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: