«Қазақтарда көбіне ІІІ қан тобы кездеседі»

40 жылдан астам уақыт бойы облыстық қан орталығында жұмыс істеп келетін Әуезхан Мағзұмов өз тәжірибесімен бөлісті, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Оның айтуынша, қан тобы ұлтқа байланысты. Мәселен, немістерде көбіне ІІ қан тобы кездеседі.

«Қан тобы ата-анадан балаға беріледі. Мұрынның пішіні, көздің қиығы сияқты оны ешкім таңдамайды. Қазақтарда ІІІ қан тобы жиі кездеседі. Дегенмен осы топ бәрінен көп деп айта алмаймыз. Бұл генетикаға байланысты. ІІ мен ІІІ топ қосылса, ІV топ пайда болады. Немесе кейбір ген бір ұрпақта байқалмаса, үшінші немесе төртінші ұрпақта ол қайта пайда болуы мүмкін», — деді облыстық қан орталығының бөлім басшысы Әуезхан Мағзұмов.

Оның сөзінше, қан орталығының жұмысы көпшіліктің назарына түспейді.

«Біздің жұмысымыз зор болғанымен, оны ешкім көрмейді. Мәселен, хирург сәтті ота жүргізсе, оны көкке көтереді. Бірақ кімнің арқасында науқасқа қан құйылғандығы жасырын қалады», — деді Әуезхан Мұғзұмов.

Айта кетейік, бүгін Халықаралық қан доноры күні. Ақтөбе қаласындағы «Керуен сити» сауда ойын-сауық орталығында ерекше үлес қосқан донорлар ұлықталды.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: