Ақтөбелік электрик нәрестелердің өмірін сақтап келеді

Зауытта жұмыс істейтін электрик Тимур Меңдіғалиев 12 жылдың ішінде 50 рет қан тапсырған, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Бүгін, 14 маусым күні – Халықаралық қан доноры күні. Осыған орай, «Керуен сити» сауда ойын-сауық орталығында көзге ерекше түскен донорлар марапатталды. Соның бірі – 29 жастағы Тимур Меңдіғалиев. Ол 18 жасынан бері 50 рет қан тапсырған. Оның қанның плазмасы, яғни пайдалы ақуызы, көмірсутегі әлсіз боп дүниеге келген нәрестелерге құйылады.

«Балаларға көмектесіңіз деп қайырымдылыққа шақырған бейнебаянды көргенмін. Соның әсерінен қан тапсырдым. Сөйтіп, қан тапсыру әдетке айналып кетті. Өзім жақында үйлендім. Ертең менің де балаларым болады. Сондықтан біреу қиналғанда жайбарақат қарап тұра алмаймын. Ақтөбеліктерді осындай игі істер жасауға шақырамын», — деді Тимур Меңдіғалиев.

Айта кетейік, былтыр Ақтөбе облысында 9700-ден аса адам қан тапсырған. Бұл 2017 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда донорлар саны 16%-ға ұлғайған.

Қан тапсырған донорлар мемлекеттік бюджет аясында ВИЧ, гепатит В және С, сифилиске анализдерді тегін тапсырып, өзінің қан тобын, резус-факторын және гемоглобин деңгейін біле алады.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: