Аса мұқтаж отбасылар баспаналы болды

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин мен қала әкімі Ілияс Испанов көпбалалы, баспанаға аса мұқтаж отбасылармен кездесіп, баспанамен қамту жайын түсіндірді, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе қаласының әкімдігі халықпен кездесу кезінде 6 мыңнан астам азаматты қабылдап, негізгі мәселелерді шешті. Алдымен аз қамтылған отбасылардың баспана жайы қарастырылды.

«Ақтөбе қаласында 23 мыңнан астам адам пәтер кезегінде тұр. Ата-анасыз қалған 1680, мемлекеттік қызмет, бюджеттік салада 10 200, апатты үйлердің 61 тұрғыны мен көпбалалы отбасылардың 1518 адамы пәтерге мұқтаж. Баспана сұраған әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар саны 10 мыңнан асты. «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы 2013 жылдан бері құрылыс жүріп жатыр. Содан бері мыңдаған пәтер берілген. «Қолғанат Ақтөбе» қоры арқылы да пәтер беріліп келеді. Қорды пайдаланып баспанаға аса мұқтаж 37 отбасыға алғашқы жарна аударылды», — деді қала әкімі Ілияс Испанов.

Пәтер алған Гауһар Әбдіразақова пен Таланды Серікбаеваның отбасына әкімдер барып, тұрмыс жағдайымен танысты.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен шот ашып, жалдамалы пәтер алдым. Кейін үйді сатып алуға мүмкіндігім бар. Екі балам бар. Бәрі үшін әкімдікке алғысым шексіз. Себебі алғашқы жарна ретінде қордан 1,5 миллион теңге бөлінді», — деді қала тұрғыны Таланды Серікбаева.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин ел ішінде атқарылып жатқан істерге тоқталып, кез келген мәселенің шешу жолдары табылатынын жеткізді.

«Қалада 140 мың адам жер алуға арыз жазған. Облыс бойынша 30 мың адам пәтер кезегінде тұр. Бәрі бір күнде шешілмейді. Биыл 1 миллион шаршы метр тұрғын үй тапсырылады. Ең кемі 8 700 пәтер беріледі. Кейбірін адамдар өздері сатып алса, кейбірі мемлекет тарапынан беріледі», — деді өңір басшысы Оңдасын Оразалин.

Айта кетейік, Ақтөбе қаласы бойынша баспанаға мұқтаж 97 отбасыға жалдамалы пәтер алу ұсынылды. Қазіргі уақытта олардың төлем қабылеті тексеріліп жатыр. Ал 45-і несие төлей алатынын дәлелдеді. Жұмыс істеу және несие тарихы таза болу міндеттеледі.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: