Өзендердің жағдайы талқыға түсті

Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов сегіз өзеннің ахуалына қатысты әкімдікте жиын өткізді деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Кездесуге өзен тазалау жұмыстарымен айналысып жатқан мердігер компаниялар мен қаланың экологиялық жағдайына наразылық білдіріп жүрген еріктілер шақырылған.

Жергілікті билік қала маңындағы өзендердің кеуіп қалуы себебін қыста қардың аз түсуі және көктемгі ылғалдың болуынан деп отыр. ​

«Қыс айларында қар аз түсті. Оны өздеріңіз де білесіздер. Қазір өзендердің айналасын тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар өткен жылдың желтоқсан айында басталды. Сегіз өзенді кеңейту жұмыстарына биылға 2 млрд теңге қаржы бөлінді. Төтенше жағдайлар комитетінің талабы бойынша елді-мекендердегі өзендерде қауіпсіздік сақталу керек.​ Арналар таза және​ екі шетінде техника жүретін жол болу керек»,-деді қала әкімі Ілияс Испанов.

Өзен арналарын кеңейту жұмыстарына көңілі толмаған бір топ еріктілер қала әкіміне талаптарын қойды.

«Тазарту жұмыстарын жүргізіп жатқан өзен табандарында бұлақ көздері бітеліп қалып жатыр. Мердігер компаниялар осы жағдайды ескерсе екен. Себебі біз бала кезімізден осы өзендердің айналасында өстік. Ондағы талдардың қалай отырғызылғанын көзімізбен көрдік. Бұл үлкен еңбек»,-деді қала тұрғыны ​ Әлібек Мағауин.

Жергілікті билік қала маңындағы өзендерді тазалау жұмыстарында әлі де атқарылатын шаруалардың көп екенін айтты. Бұл жұмыстарға үш жылға 6 миллиардтан аса қаржы қарастырылған.​​

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: