Комиссияға дастархан жайған басшылар жазаланды

Байғанин ауданында облыстан келген он адамды жайлаған мектеп мұғалімдеріне қатысты білім басқармасы пікір білдірді. Қонақтарға дастархан жайғызған қос бірдей бөлімшенің басшылары жауапқа тартылған деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Жаюлы дастархан қонақтары Ақтөбе облысының білім басқармасына қарасты облыстық педагогикалық-дәрігерлік-психологиялық кеңесінің қызметкерлері болып шықты. Олар балаларды арнайы білім беру ұйымдарына түзету жұмыстарына жолдама беруге келген.

«Байғанин ауданындағы жағдайға байланысты облыстық білім басқармасы толықтай талдама жүргізді. Жағдай 5-6 маусым аралығында болған. Олар аудандағы ерекше қабілетті балаларды анықтау мақсатында барған көшпелі комиссия. Екі күнде 70 бала келген. Осындай адамның көп болуына байланысты олардың барлығы бірден дастарханға бара алмайды. Түскі уақытта да кезектесіп тамақтанған. Біздің мамандар әрбір тамақтанған сайын 1000 теңгеден ақшаларын төлеген. Дегенмен, осындай жағдайды болдырғаны үшін облыстық педагогикалық-дәрігерлік-психологиялық кеңесінің басшылығына және Байғанин ауданындағы коррекциялық кабинеттің басшылығына сөгіс берілді»,-дейді Ақтөбе облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәз Сүлейменова.

Әлеуметтік нысанда жайылған дастарханды «Ақтөбе- адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері әшкерелеген болатын.

«Қазір барлық аудан орталықтарында ғана емес, ауылдарда жақсы тамақтануға болатын мейрамхана, дәмхана, асханалар бар. Өзіміздің туыстарымызбен және мемлекет толық түрде барлық іс-сапар шығындарын өтейтін тексерушілерді шатастыруға болмайды. Оның үстіне тексеріс көп, егер олардың барлығына, яғни іс сапармен келушілерге, күніне бірнеше рет молынан дастархан жайылса ол шектен шыққандық»,-дейді «Ақтөбе- адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің баспасөз қызметі.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: