Ақтөбеде аты-жөні үнемі қате жазылатын медбике тұрады

Лениниана Жанторина №1 қалалық емхананың медбикесі өзінің есімі туралы қызықты оқиғаларды баяндап берді, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

49 жастағы Лениниана Жанторинаны көбі Лена апай деп атайды. Өзінің сөзінше, аты-жөні тым күрделі, сондықтан бәрі қысқартып айтады.

«Ешкім есімімді қатесіз айта алмайды. Біреуі Лилиана, екіншісі Лиана, үшіншісі Лия деп дауыстайды. Мектеп жасымнан бәрі мені Лена деп атап кетті. Маған келген адамдар атыма қарап орыс деп те ойлаған. Қазақпын. Әйгілі «Шалқыма» күйінің авторы Жантөренің ұрпағымын», — деді Лена апай.

Коммунистік партия құрамында болған Лена апайдың атасы, Лениннің 100 жылдығына орай, немересіне ерекше ат қойыпты. «Ленин және ол» деген мағына беретін Лениниана есімі пайда болды.

«Менің алғыс хаттарымда бір фамилия, бірақ әр түрлі есім. Әр жерде сан түрлі қылып жазады. Бұрында компьютер болмағанда қатты қиналатын едім. Атымды дұрыстау үшін бір барған жерге екінші қайтара баратынмын», — деді медбике.

Бүгінде Лена апай 12 жыл бойы №1 емханада жұмыс істеп келеді. Ол – салауатты өмір салтын қалыптастыру бөлмесінің жетекшісі.

«Медицина саласын таңдағаныма өкінбеймін. Ұйымдастырушылық қабілетім бар. Сондықтан жарыс, семинар, конференция өткізуді маған тапсырады», — деді Лена апай.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: