Марат Жыланбаев ақтөбеліктерге марафон жүгірудің қыр-сырын ашты

Әлемге әйгілі қазақстандық супермарафоншы Марат Жыланбаев шеберлік сағатын өткізді, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Қарақұм, Сахара, Үлкен Виктория шөлдерін жүгіріп кесіп өткен әлем рекордсмені Марат Жыланбаев өз тәжірибесімен бөлісті. Ол – бір жыл бойы 226 классикалық марафон жүгірген супермарафоншы.  20 күн бойы Қарақұм шөлінде 1200 шақырымды бағындырған. Әлемдегі ең үлкен шөл Сахараны жүгіріп (1700 км) кесіп өткен. Аустралияның ең ірі шөлі – Үлкен Викторияның үстімен жүгірген (1600 км). Ал Невада шөлі арқылы ол 1218 шақырымды артта қалдырған.

Aktobenews.kz сайты Марат Жыланбаевтың ақтөбелік желаяқтарға айтқан кеңестерін ұсынады.

ҚЫМБАТ КРОССОВКАНЫҢ ЕШ ӘСЕРІ ЖОҚ

Жүгіру – бұл жаяу жүру емес, бұл секіру. Яғни сіз бүкіл дене салмағымен аяққа қонасыз, соның салдарынан тізе зақымдана береді. Қымбат кроссовканың еш әсері жоқ. Мен байдың балаларын да жүгіруге үйреткенмін. Олар елордадан 75 мың теңге тұратын кроссовка сатып алған. Жүгіруді енді бастаған желаяқтарға табаны қатты, мүжілмейтін кроссовка алу керек.

АЯҚТЫҢ ӨКШЕСІНЕ ӘЛДЕ ҰШЫНА ҚОНУ КЕРЕК ПЕ?

Жүгіруді жаңа бастаған адам аяғын қондырғанда алдымен өкшесін жерге тигізу керек. Сіз жүргенде де аяқтың ұшымен жүрмейсіз ғой. Мен білетін барлық ультрамарафоншылар өкшемен жүгіреді. Марафоншылардың элитасы ғана аяқтың ұшымен жүгіріп, бірінші орын алып жатыр. Балтыр өте мықты бұлшық ет, бірақ ол кішкентай, ал сан – аяқтың ең төзімді жағы. Сондықтан өкшемен жүгіріңіз.

КРОССОВКА АЯҚҚА ЫҢҒАЙЛЫ БОЛУ КЕРЕК

Менің үйімде 40 түрлі кроссовка бар. Мен оның әрқайсысын алма-кезек киемін. Себебі бір кроссовкаға үйреніп қалсаңыз, сіз оны ұзақ уақыт киіп жүре бересіз. Нәтижесінде оның табаны әбден тозып мүжіледі. Сонда ұзақ қашықтыққа жүгірсеңіз, аяғыңызды зақымдап алуыңыз мүмкін.
Кроссовка аяққа ыңғайлы болуы керек. Бауын байлағанда аяқты қатты қысып жібермеңіз. Аяқта тіпті нәскидегі резеңкенің ізі де қалмауы қажет. Қан айналымы еркін жүруі керек.

БОЙЫҢДЫ ЕРКІН ҰСТА

Мектеп кезіңізде жүгіріп, шаршап қалғаныңыз есіңізде шығар. Бұны ми сақтап алған. Сондықтан кез келген жүгіріс алдында ми сіздің мүмкіндігіңізді шектеп, жүгіруден бастартуға итермелеп отырады. Бойыңызды еркін ұстаңыз. Ештеңені ойламаңыз.

АЯҚТЫ АЛҒА ҚАРАЙ ЛАҚТЫРМА

Жүгіруді жаңа бастаған адамдар көбіне аяқтарын алға қарай лақтырады. Теледидардан мықты спортшылардың аяқтарын созып жүгіргенін көріп, соны қайталайды. Бұл дұрыс емес. Қадам ұзындығы қысқа болғаны жақсы. Сонда аяққа да, омыртқаға да күш түспейді. Мәселен, шатырдан ағып тұрғын тамшы да бетонды тесе береді. Дәл солай, аяқты қатты созып, жерге қонсаңыз, омыртқаны зақымдай бересіз.

ИЫҚТЫ ӘРІ-БЕРІ ҚОЗҒАМА

Шынтақ 90 градуста бүгіліп тұрады. Иықты әрі-бері қозғама, тек қана қолдар жұмыс істеп тұрады. Сосын қолдарды оңнан солға қарай емес, тек тіке бағытта алды-артқа қарай қайшылатып қозғау керек. Сонда қозғалып тұрған қолдар аяқты оталдырып тұрады.

ЖАТТЫҒУСЫЗ ЖҮГІРМЕ

Жүгірмес бұрын міндетті түрде денені қыздырып, жаттығулар жасау керек. Мысалы, таңертең сіз ұйқыдан тұрғанда буындарыңыз қатып жатады. Сүйектеріңіз сықырлап, ас бөлмесіне барасыз. Көлікке май құймасақ, оның да бөлшектері қатып, жүрмей қалады ғой. Міне, сондықтан жүгіру алдында Амосов жаттығуларын жасаңыз.

РИТМДІ САНАҢЫЗ

Қазір смартфонның арқасында жүгіру жылдамдығын жақсартатын не түрлі құрылғылар бар. Мен соның ішінде метрономды қолданамын. Ол ритм береді. Өз басым минутына 164 соққымен жүгіремін. Мықты спортшылар минутына 180 рет аяғын жерге соғады.

ҮНЕМІ ОҚЫП ҮЙРЕНІҢІЗ

Менің заманымда интернет болған жоқ. Кітаптан басқа білім көзі болмады. Сондықтан көп оқығанды жақсы көремін. Бір кезде академик Амосовтың кітабы қолыма түсті. Сонда жүректі күшейтетін оңай жаттығулар көрсетілген. Қызыққа жасап көрдім. Әдетте 70 шақырымдық марафоннан кейін өзімді әлсіз сезінетін едім, бірақ Амосов жаттығуларынан кейін тағы да жүгіргім келді. Жаттығулар, марафон жайлы кітаптарды көп оқыңыз.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: