103 жастағы қария сайлау учаскесіне өзі келіп дауыс берді

Ақтөбе қаласының ең қарт тұрғыны Жәкібай Бисенғалиева сайлау учакскесіне ең бірінші келгендердің бірі. Таңдауын жасаған қария елдің амандығын тілеп, бата беріп кетті.

«Сайлауымыз болып жатыр, еліміз тыныш, халқымыз аман болсын. Ел басқаратын келесі баламыздың мейірімді болуын тілейміз»,-дейді қария.

Жәкібай Бисенғалиева тамыз айында 104 жасқа толады. Жеті шөбересінің қолынан су ішіп отырған бақытты әже үш бала тәрбиелеген. Хромтау ауданының Қызылсу ауылында 1915 жылы дүниеге келген қария ХХ ғасырдың басындағы қазақ ауылында өткен барлық оқиғаларға куә болып, аштық, азамат соғысы, колхоздастыру кезеңінің қиыншылықтарын көзімен көрген.

«Соғыс басталып, жолласыма майданнан шақырту келген бойы ол төркініме барып, соғыс аяқталғанша әкемнің үйінде болғанымды қалады. Бірақ бұл ұсынысқа келісім бермедім. Себебі, біздің заманымызда ұзатылған қыздың төркінге қайта баруы өте ұят болып саналады. Сол жылдары ауылымызда ер азамат қалмады, тек бала-шаға мен қариялар ғана бар. Тұрмыс қиындап, елдің жағдайы нашарлай берді. Әсіресе, 1942 жылдың қысы қатты суық болып, колхоздың малына шөп жетпей қалатын. Сол кезде мен трактор рөліне отырып, қақаған қыста колхоз малына алыстан шөп жеткіздім. Енді бірде малдың аштан қатпауы үшін өзен жағасының қамысын орып, оны тұздап, кесіп беріп, малды қыстан аман алып шыққан едік», — деп еске алады Жәкібай әже.

Жакібай әже өткен күннің оқиғаларын шебер әңгімелейді, құлағы аздап естімегені болмаса, әлі тың.

«Осы күнге дейін құрақ құрап, көрпе тігеді. Үйдегі ұсақ-түйек маталарды қиқымын қалдырмай, кәдеге жаратып, көрпеше етіп тігеді. Апам ысырапшылдықты ұнатпайды, дарақылыққа жаны қас, рәсуашылдықты жек көреді»,- дейді келіні Уәзипа.

Адал еңбегімен өмір сүріп, екі ғасырдың оқиғаларына куә болған Жәкібай әже елдің амандығы мен халықтың бірлігінен артық тілегім жоқ деп батасын берді.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: