Индустриалды аймақта қап шығаратын цех іске қосылды

Биг-бэг қапшықтар мен құм секілді сусымалы жүкті тасымалдауға арналған вагон қаптарын шығаратын цех жұмысын бастады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

«FIBС Kazakstan» компаниясы жоба құны 1 миллиард теңге болатын цехты іске қосты. Алғашқы кезеңде 200 миллион теңге қаржы жұмсалды. «Ақтөбе» ӘКК баспасөз қызметінің хабарлауынша, бір рет пайдаланылатын қап 500 – 2000 келіге дейінгі салмақтағы жүкті көтере алады. Биг-бэгтер цемент, құм, түрлі қоспалар, тыңайтқыштар, түйіршікті пластик сияқты материалдарды қаптау, тасымалдау, сақтау және түсіру кезінде ыңғайлы. Ал вагон қаптарын күкірт, бидай, құм секілді ашық тасымалданатын жүктерге қолдануға болады.

«Ақтөбе» индустриалық аймағынан екі гектар жер алдық. Орналасқан жеріміз өте ыңғайлы, коммуникациялық желілер өткізілген. Маркетингтік талдау жасаған кезде полипропилен қаптарына сұраныс бар екенін анықтадық. Біз өнімнің сапасына баса мән береміз. Шикізатты Ресейдің Челябі мен Ярославль қаласынан жеткіземіз. Бүгінде «ТеңізШевройл» компаниясымен келісімшарт жасалды. Олар бізден вагон қаптарын алатын болды. Әзірге 17 тігін машинасы жұмыс істейді. Бұл жабдықтың көмегімен жылына 300 мың биг-бэг пен 30 мың вагон қабын жасай аламыз. Жоба толық аяқталған уақытта өндіріс қуаттылығын жылына 1 миллион дана өнім жеткізуді жоспарлап отырмыз», — деді цех Ботагөз Тайбөкенова.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: