Қари машиналы болды

Ақтөбеліктер Рамазан айында құран хатымды жатқа оқыған қариға машина мінгізді деп хабарлайды Aktobenews.kz.

Қасиетті айда ақтөбелік кәсіпкер Бақытжан Олжабайұлы мәрттік танытты. Бір ай бойы мешітте құран оқыған Бекжан Әлденовке Қадір түнінде Mazda СХ-7 темір тұлпарының кілті табысталды.

«Нұр Ғасыр» мешіті қасиетті түнге ерекше дайындалған. Мың адамға арналған ауызашар дастарханы жайылып, ораза ұстағандар сәресіне шақырылды. Алланың үйінде құлшылық жасауға келген жамағат көп болды. Мешіттің ішінде ине-шаншар орын болмай, көпшілігі аулада ғибадат жасады.

«Бекжан қари жуырда Түркиядан «ижаза» алып, олжалы оралды. Мұндай қарилар елімізде саусақпен санарлық. Алдағы уақытта Ақтөбеде қалып, қари дайындамақ ниеті бар. Елге келгеннен кейін жаяу жүрмесін деп Бақытжан Олжабайұлына ұсыныс айтып едік. Қариға көрсеткен құрмет — құранға көрсеткен құрмет деп білеміз. Бақытжан Олжабайұлы ағамызға Алла разы болсын, кәсібіне береке бергей. Бұл басқа азаматтарға үлгі болатын іс болды», — деді өкіл имам Төлеби Оспан.

Өкіл имам қасиетті түнде құлшылықпен өткізген жамағатқа уағыз айтып, елге бейбіт өмір тіледі.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: