Атыраудағы оркестрлер шеруі кезінде 21 оқушыға күн өткен

Атырауда өткен оркестрлер шеруінде 21 оқушының басынан күн өтіп кеткен, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Ыстық өткен 21 оқушының барлығына медициналық көмек көрсетілді. Олардың басы айналып, іште ауырсыну пайда болды. Бірнешеуінің танауларынан аққан қанды тоқтатуға тура келді. Ол жерде бес жедел жәрдем бригадасы жұмыс істеп тұрған, кейіннен алтыншысы қосылды. Барлық балаларға сол жерде медициналық көмек көрсетілді, ауруханаға жеткізу қажеттілігі болған жоқ», — деді Атырау облыстық «жедел жәрдем» стансасының директоры Ерлан Сүйеуғалиев.

Сенбі күні Атырау облысында ауа температурасы +38 градусқа дейін көтерілді. Бұл жайлы ТЖ департаменті алдын-ала ескерткен болатын. Орал қаласында ауа райының ыстық болуына байланысты балалардың қатысуымен өтетін мерекелік шаралар кейінге қалдырылып немесе саябақтарда өткізілген.

Айта кетейік, балалар мен жастар оркестрінің музыкалық шеруіне 7 мыңға жуық мектеп оқушысы мен колледж студенті қатысты. Шерулер Халықаралық балаларды қорғау күніне арналды.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: