Көпбалалы аналар 3 млн теңгенің грантынан дәмелі

Ақтөбеде кәсіпкерлікке оқыған көпбалалы аналар өз бизнес жобаларын қорғамақ, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Бүгін, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында оннан аса көпбалалы аналар жиналды. Олар бұған дейін кәсіпкерлікке оқытатын екі күндік курсқа қатысып, бизнес-жобаларын әзірлеген. Енді оларға мемлекеттен грант ұтып алу мүмкіндіктері түсіндірілді.

«Еңбек» бағдарламасы аясында 505 мың теңгенің грантын және «2020-Бизнестің жол картасы» бағдарламасы негізінде 3 млн теңгенің қайтарымсыз грантын ұтып алуға болады. Көп жағдайда кәсіпкерлікке оқыған ақтөбеліктер гранттар жайлы білмей қалады. Сосын олар ренжиді, курстың нәтижесі де болмай қалады. Сондықтан гранттарды алу тәсілдерін үйретеміз», — деді «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова.

Көпбалалы аналардың ішінде түрлі тағдыр иелері бар. Соның бірі 5 баланы бағып отырған ІІІ топ мүгедегі Жаңагүл Ділжанова. Ол – баласының ауруы мен өзінің сырқатына қарамастан, қол қусырып отырмайтын ана.

«Екі жыл бұрын Санкт-Петебургке барып, жүн түтуді үйрендім. Менің бұйымдарымның ерекшелігі – киімдерімнің тігісі жоқ. Сүйікті ісімді кәсіпке айналдырдым. Жүн түтудің арқасында бүкіл проблемам ұмытылады», — деді көпбалалы ана Жаңагүл Ділжанова.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: