Рамазан айында темірліктер жалғыз басты анаға пәтер алып берді

«Анаға сый» қоғамдық қоры үш баласын өзі асырап отырған Гүлфайруз Сағындықоваға екі бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Аудан әкімінің тапсырмасымен құрылған қор тағдыр тауқіметін тартқан, жалғызбасты және мүмкіндігі шектеулі аналарға қолдау білдіреді. Алғашқы баспанасын алып беріп жатырған қор ұжымы жыл аяғына дейін алты үйді сыйға тартуды жоспарлап отыр.

«Қолы жомарт, қайырымды жандардың көмегімен көп балалы аналарға тұрғын үй алып беруді мақсат еткенбіз. «Анаға сый» қорын ұйымдастырып заңды түрде есепшот аштық. Жер-жерден тиындап жинап, екі-үш айдың ішінде алғашқы пәтерге қол жеткізіп жатырмыз. Аналар кеңесінің шешімі жалғыз басты ана Гүлфайруз Сағындықованы лайық деп тапты. Бір баласы ДЦП-ның ең ауыр түрімен ауырады. Өзі ешкімнің есігін қақпай күні-түні еңбек етіп келеді. Алдағы уақытта бұл жұмыстар тұрақты түрде жүреді», — дейді Темір ауданының әкімі Жолдас Қалмағанбетов.

Биыл мемлекет қаржысына аудан көлемінде көп балалы аналарға 5 үй беріліп, коммуналдық 16 үй салынады.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: