Әбілдаевтар отбасы Ақтөбе облысының намысын қорғайды

Әбілдаевтар отбасы облыс әкімі Оңдасын Оразалинмен бірге.  © Аслан Мусенов

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде Әбілдаевтар отбасы бас жүлдені жеңіп алды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Кеше, 24 мамыр күні Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында «Мерейлі отбасы» байқауының жүлдегерлерін марапаттады. Байқаудың қалалық пен аудандық деңгейінен сүрінбей өткен 6 отбасы сыйлықтарға ие болды. Атап айтқанда, әр отбасыға емдеу-сауықтыру шипайжайларына және балаларды сауықтыру лагерьлеріне жолдамалар берілді.

Ұлттық сайыста бас жүлдені жеңіп алған Әбілдаевтар отбасын облыс әкімі Оңдасын Оразалин құттықтап, сертификаттар табыстады.

«Мемлекеттің өзі отбасыдан құралады. Қазіргі заманда тәуелсіз мемлекетіміздің нығаюына септігін тигізетін отбасының ерекше орнын ескере отырып, тұңғыш президентіміздің тікелей тапсырмасымен «Мерейлі отбасы» байқауы ұйғарылып, биыл алтыншы рет өткізіліп жатыр. Жыл сайын қатысушылардың саны ұлғайып келеді. Бұл қоғамның оң өзгеріске беталғанын көрсетеді. Белгілі жазушы Әбіш Кекілбаев «қоғамға не тілейсіз?» деген сұраққа былай жауап беріпті: «Бір дастарқанның басында қазақтың үш ұрпағының бірге отырғанын тілеймін». Алла амандықтан айырмасын, еліміз тыныш, бейбітшілікте болсын! Алға қойған мақсаттарымызға жетейік, қызықтарын бірге көруге Алла Тағала нәсіп еткей!», — деді өңір басшысы Оңдасын Оразалин.

© Аслан Мусенов

Әбілдаевтар отбасының көптен озғаны тектен тек емес. Себебі көпбалалы ана Бибігүл Әбілдева ажырасуға бел буған 400-ден астам отбасыны ажырасудан сақтап қалған. Күйеуі дертке шалдығып, жұмыссыз қалса да, отбасының амандығы үшін еден жуып, санитарка болған. 15 жыл бойы пәтер жағалап жүрсе де, күйеуіне тіл тигізбеген Бибігүл Әбілдаева «Анаға тағзым» орталығында жас ұрпаққа отбасы құндылықтарын насихаттап жүр.

«Қазір жас қыз-келіншектер ер азаматтарына өте көп талап қояды, дүние сұрайды, тез байып кеткісі келеді. Баяғыда «ер азаматқа қарсы сөйлеме, ер азаматтың қауқары қашады» деп әжелеріміз айтатын. Ал қазір «ер адамдар әлсіз» деп неше түрлі сөздер айтылып жатыр. Олар әлсіз емес, әлсіз қылатын – әйелдің сөзі», — дейді медиатор Бибігүл Әбілдаева.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: