Құралай Байменова құрған орталыққа 20 жыл толды

Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтардың қолдау орталығының құрылғанына 20 жыл толды. Бүгін арбаға таңылса да қоғамдық өмірге белсенді араласып жүрген адамдар сахнаға шықты, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

«20 жарқын жыл» атты жиынға облыс әкімі Оңдасын Оразалин мен қоғам белсенділері, жанашырлар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар қатысты.

«Мықты, дана, адамгершілігі мол, бірақ денсаулығы сыр берген адамдармен күш біріктірдік. Біз өз құқығымызды, қажеттіліктерімізді қорғау үшін бір болдық. 1997 жылы бірігіп, «үй саламыз, жақсы арбамен жүреміз, жақсы өмір сүреміз» деген мақсатты алға қойдық. Адамдар мені қолдады, көмектесті, сол үшін алғыс айтамыз», — деді Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтардың қолдау қорының төрайымы Құралай Байменова.

Орталықты құрушылар арасында Темірбек Матаев, Гүлнар Жәнібекова, Шәмшәдин Төреғалиев, Марғұлан Жетесов, Лейла Сагалова, Кенжебек Жәнібекұлы, Виктория Кваша секілді онға жуық адам бар.

«Жақсы өмір сүрсем, отбасымды өзгелермен тең дәрежеде асырасам, балаларымды жеткізсем, үйім болса деген тәтті үміт болды. Сол 20 жыл өтті. Біздің қатарымызда қазір 1200-ден астам адам бар. Қолдағандардың бәріне алғыс айтамын», — деді І топ мүгедегі Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтардың қолдау орталығының мүшесі Темірбек Матаев.

Жиынға қатысқан облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтардың қолдау орталығының барлық компьютерін жаңартып беретінін жеткізді.

«Осыдан 20 жыл бұрын пандусты, оны не үшін салу керек екенін білмегендер болды. Бұл алғашқы қадам еді. Қазір қоғамдық бірлестік ауқымды жұмыс атқарып, бүкіл елге үлгі болып отыр», — деді өңір басшысы О.Оразалин.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: