Полицейге пара бергендер айыппұл төледі

Облыстағы жемқорлыққа қарсы департамент өкілдері халықтан лауазымды қызметкерлерге пара бермеуді сұрады деп хабарлайды Aktobenews.kz.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Расул Медетов Хромтау халқымен кездесу өткізді.

«Облыстың барлық аймағында «Адалдық алаңы» жобасы құрылды. Жоба бойынша халыққа қолайлы қызмет көрсетуге бағытталған жұмыстар жүріп жатыр. Біз жемқорлықты бірлесіп қана жеңе аламыз. Оны өзіміз туындатпауымыз керек. Мәселен, қарапайым жол полициясы қызметкерлерін «жемқорлар» деп көп айтады. Ал жол ережесін жиі бұзатындар көп: қатты жылдамдықпен жүреміз, темекі қалдығын тастаймыз, белгіленбеген жерге тоқтаймыз. Полиция айыппұл салам дегенде көкелеп «өзіміз ғой» деп пара береміз. Содан кейін «оңбағандар» деп кетеміз. Рас қой? Өткенде ішкі істер органдарымен жұмыс жасадық. Полицейлерге 2000-5000 теңге берген адамдарды анықтадық. Енді жарты миллионнан айыппұл төлейді», — деді Расул Медетов.

Басшының айтуынша, пара беруге оқталған тұрғындар әкімшілік жауапқа тартылып, 500 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелген.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: