Жетім балалардың баспаналы болуы үшін шот ашылды

Бүгін ата-ананың қамқорлығынсыз, жетім қалған 10 балаға есепшот ашылып, әрқайсысына 100 мың теңге салынды, деп хабардайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе қаласы бойынша ата-ана қамқорлығынсыз, жетім қалған 329 баланың банктегі есепшотына 38 миллион теңгеге жуық ақша жиналды. Қала әкімі Ілияс Испановтың айтуынша, таяуда «Қолқанат Ақтөбе» қорына компаниялардан ақша түсті. «СНПС — Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ы 13 миллион теңге аударып, 45 баланың есепшотына қаржы салды.

«Ақтөбе қаласында ата-ананың қамторлығынсыз, жетім қалған 1600-ге жуық бала бар. Олар мемлекеттік бағдармалардың арқасында баспаналы болып жатыр. Оқуы мен сауықтыру шарасы да бар. Дегенмен қарапайым азаматтар мен компаниялар өз үлесін қосып келеді», — деді қала әкімі Ілияс Испанов.

Қайырымдылық шарасы кезінде мектеп оқушылары, колледж студенттеріне Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен есепшот ашылғаны мен 100 мың теңге салынғаны туралы сертификат табыс етілді. Айта кетейік, бүгінде қалада 436 бала қамқоршылыққа алынды. Оның 225 бала жетім, 211 бала ата-ананың қамқорлығынсыз қалған. Қазіргі кезде кәмелетке болмаған 436 баланың 107-де мүлік бар. Қалғанына есепшот ашылып, ай сайын ақша аударылып жатыр. 2016-2018 жылдары осы санаттағы азаматтарға 69 пәтер берілді.

Қайырымдылық шарасы кезінде балаларды қамқорлығына алған кәсіпкерлер мен кәсіпорындар Алғыс хатпен марапатталды.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: