GGG арқылы жарнама жасау маған керек емес, менің өз жанкүйерім бар — Данияр Елеусінов

Қазақстандық кәсіпқой боксшы, Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов «GGG-Роллс» жекпе-жегінің андеркартында рингке шықпай қалуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Боксшының пікірі «Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының» ВКонтакте парақшасында жарияланды.

«Соңына дейін 8 маусымда жұдырықтасамын деп ойладым. Қазақстандық жанкүйерлер үшін бұл — өте жақсы жаңалық, нағыз мереке болар еді. Бәрі де бір бокс кешінде бірнеше отандасымызды көргісі келген болатын. Бірақ аяқ астынан мен айқасатын уақыт одан ертерек қойылып кетті. Осыған байланысты тезірек салмақ қуып, қарсыласты ауыстыруға тура келді. 8 маусымда менімен шығуы тиіс боксшы 25 мамырда жекпе-жекке шыға алмайды. Сондықтан қысқа мерзім ішінде жаңасын іздеуге тура келеді. Спаррингтерді де бұрынырақ бастауға мәжбүр болдық», — дейді Елеусінов.

Дегенмен, боксшы барлық жағдайға сабырмен, салқынқанды қарайтынын жеткізді.⠀

«Болып жатқан жағдайдың бәрін жақсылыққа жоримын. Мен жеңіске жетемін. Әрине, белгіленген мерзімнен екі апта бұрын шығу — жағымсыз-ақ. Кейбіреулер мені GGG арқылы атағын аспандатқысы келеді деп жүрген болар. Шын мәнінде бұл маған қажет емес. Бұл — нақты жағдай. Менің өз аудиториям, жанкүйерлерім, Қазақстан халқым бар. Маған мұндай пиардың керегі жоқ. Жағымсыз ештеңе айтқым келмейді. Біреуді қаралау ойымда болған емес. Менің ойымша, Геннадий бұл ісімен өзіне жақсылық жасап отырған жоқ. Оған сәттілік пен жеңіс тілеймін, себебі ол — менің отандасым. Менің түсінуімше, ол кезінде БАҚ-қа берген сұхбатымнан алынған бір-екі ауыз сөзге ренжіп қалған болуы керек. Бірақ Нью-Йоркте кездескен кезімізде ренішін маған тіке айтса болар еді ғой. Мен ренжімеймін. Бәрі жақсы. 25 мамырдағы айқасқа дайындаламын», — дейді Данияр Елеусінов.

Еске сала кетсек, таяуда Данияр Елеусіновтің Головкиннің жекпе-жегінде өнер көрсетпейтіні белгілі болған еді. Боксшының менеджері Зия Алиев Sports.kz-ке берген сұхбатында Елеусіновтің 8 маусымдағы Головкин-Роллс андеркартындағы жекпе-жегі белгісіз себептерге байланысты болмайтынын жеткізген.
Кейін бұл мәселеге қатысты ҚР Кәсіпқой бокс федерациясының вице-президенті Виктор Демьяненко пікір білдіріп, Головкин мен Елеусінов арасында қандай да бір түсінбеушілік бар дегенге сенбейтінін айтқан болатын.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: