Ақтөбе – Қандыағаш жолын салуды жеделдету керек – Президент

Көрнекі фото

Ақтөбе халқымен кездескен Президент Қасым – Жомарт Тоқаев жол салу мен экологиялық ахуалды жақсартуға тапсырма берді, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Аққағаз Досжанова атындағы конгресс холда өңір жұртшылығымен кездескен Мемлекет басшысы өңірдегі проблемалы сұрақтарға да тоқталды. Яғни, жол нашар, экологиялық ахуал мәз емес.

«Ақтөбе қазір аймақтық хаб қызметін атқарып отыр әрі агломирация орталығы. Дегенмен шешілмеген мәселе бар. Облыстағы жолдың 50 пайызы жарамсыз күйде. Биыл «Құтты мекен» жобасы аясында мемлекет жолдарды жөндеуге ақша бөледі. Ақшаның жұмсалуын қатаң бақылау керек. Әкімдік Үкіметтің қолдауымен 2025 жылға дейін барлық облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды салу қажет. «Ақтөбе – Атырау» тасжолын жөндеу басталды. Дегенмен Ақтөбе – Қандыағаш жолында көлік көп, соған сай жұмысы жеделдету керек. «Нұрлы жол» бағдарламасымен Ақтөбе – Хромтау, Қандыағаш – Шалқар – Ырғыз жолдарын қайта жөндеуті тапсырамын. Бұл 2025 жылға дейін атқарылатын жұмыс», — деді Президент.

Мемлекет басшысы қаладағы жағымсыз иіс, Елек, Жайық өзендерінің ластануын айтып берді.

«Кәріз суын тазалау нысандарын салу қажет болуы мүмкін. Үкімет пен әкімдік осы жұмысты шешуі тиіс. Алға ауданындағы қауіпті қалдықтарды жою қажет. Бұл жұмыстар атқарылмаса, экология жағдай оңалмайды. Қала таза болуы керек», — деді Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, облыстағы ауылдардың 11,5 пайызында ғана волоконды-оптикалық желі тартылған. Интернет жоқтың қасы. Президент Үкіметке осы мәселені шешуді тапсырды. Себебі цифрландыру болмаған соң атаулы әлеуметтік көмек беру кезінде алаяқтық жасағандар тіркелді.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: