Көрші ауылдың тұрғыны мал ұрлаған

Ұрланған мал иесіне қайтарылды. Үш күннің ішінде ақтөбелік полицейлер мал ұрлығы бойынша 8 қылмыстық істің ізін суытпай ашты. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті.

«Мал ұрысы» жедел алдын алу шарасы барысында 8 қылмыстық іс ашылды. Сондай-ақ мал мен ет өнімдерін заңсыз тасуға байланысты 17 дерек анықталды.

Мәселен, Байғанин ауданында наурыз айының соңында далада жайылып жүрген бұқа ұрланды. Учаскелік инспектор аймақты тексергенде көрші ауылдың тұрғынын ұстады. 150 мың теңге тұратын бұқа иесіне кері қайтарылды. Ұсталған тұрғын кінәсін мойындады.

Осыған ұқсас жағдай Ырғыз ауданында болды. «Тасөткел» деген жерден 2 жылқы әкетілді. Жедел тергеп-тексеру барысында мал ұрлаған деген күдікпен сол ауданның тұрғыны ұсталды.

Полицейлер тұрғындардан өз малдарына белгі салуын сұрайды. Сонымен қатар мал ұрланған бойда бірден полицияға хабарласу керек.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: