Аз қамтылған отбасылар кәсібін бастай алады

Ақтөбеде «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» жобасы аясында көпбалалы, аз қамтылған, мүгедек бала асырап отырған отбасы бизнес бастай алады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында «Бастау бизнес» жобасымен биыл 1 мыңнан астам адам тегін оқиды. Ол үшін 88 миллион теңгеден астам қаржы қарастырылған. Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Жәнібек Нағметқалиевтің айтуынша, ауыл мен шағын қалалар үшін шағын несие беруге бюджеттен 3,8 миллиард теңге бөлінді. Барлығы 976 жоба қаржыландырылады.

«Қалалар мен моноқалаларға несие беруге 1,1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Барлығы 119 жобаға қолдау бар. Бұл бағыттағы жұмысқа облыстық кәсіпкерлік басқармасы жауапты, ал «Бастау бизнес» жобасы мен ауылға, шағын қала тұрғындарына несие беруді ауыл шаруашылығы басқармасы атқарады», — деді Жәнібек Нағметқалиев.

Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беріледі. Қайтарымсыз ақшаны 420 адамға беру жоспарланған. Бұл үшін биыл бюджеттен 192 миллион теңге бөлінген.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, жұмыспен қамту орталығы мен кәсіпкер арасында келісім болады. Грант алу кезінде салық заңнамасына сәйкес салық органдарында тіркеуде тұрған, «Атамекен» палатасы комиссиясынан оң шешім алған, бұрын грант, өзге де мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржылай қолдау болмаған адамдар таңдалады. Жаңа идеялар үшін 100 АЕК дейін ақша беріледі. Әрі биыл Елбасы тапсырмасымен жастарға, аз қамтылған, мүгедек бала асырап отырған отбасыға 200 АЕК дейін ақша беріледі», — деді Жәнібек Нағметқалиев.

Пікір қалдырыңыз