70 адам абақтыдан босап шықты

Ақтөбедегі жазалау мекемесінен 4 айда 70 адам бостандыққа шығарылған. Оның ішінде 40 адамның тәртібіне байланысты жазасы жеңілдетілген деп хабарлайды Aktobenews.kz.

КА-168/2 оқшаулау мекемесіндегі сотталушылармен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мамандары кездесу өткізді. Жазасының басым бөлігін өтеп, бостандыққа шығатын күнін күтіп отырғандарға бос жұмыс орындарына қатысты ақпарат берілді.

«Сотталғандар арасында осындай түсіндірме жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп тұрады. Мекеменің ақпараттық тақтайшаларында кезеңділікпен жаңартылып тұратын бос орындар туралы ақпараттар бар»,- дейді орташа қауіпсіз мекемесі бастығының орынбасары Ербол Жайшылықов.

Кездесу барысында «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында, қысқа мерзімді қайта даярлау курсына, жұмыспен қамтудың белсенді шараларына және басқа да ұсынылатын қызмет түрлері туралы толық ақпарат берілді.

«Аталған бағдарлама аясында бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған тұлғалар толықтай барлық қызметті пайдалана алады. Ең алдымен жұмыс жасауға және оқуға пейілдері болса, біз әрқашанда жұмысқа орналастыруға көмек көрсетеміз»,-дейді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Гүлнар Жұбаниязова.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: