Ақтөбеде 500-ден астам адам алаяқтарға алданып қалды

Жыл басынан бері Ақтөбе облысының аумағында 528 алаяқтық іс тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақтөбеліктер жиі алданып қалады. Биыл 500-ден астам алаяқтық іс тіркелсе, оның 215-і интернет арқылы қызмет көрсету саласына тиесілі. Яғни, тіркелген қылмыстың 40 пайыздан астамы виртуалды жасалды. Жылжымайтын мүлік саласында 109, жұмысқа орналастыру және оқыту саласында 85 қылмыс тіркелді.

«Алаяқтар интернет ресурстарын пайдаланып, жылжымайтын мүлікті сату туралы жалған хабарлама береді. Мүліктің бағасы нарықтағы құнынан айтарлықтай төмен болады. Олар сіздің төлем қабілеттілігіңізді көрсетуді сұрайды және сізге жақын туысыңыздың немесе танысыңыздың атына Весторн Юнион, Алтын Тәж, Маниграм сияқты жылдам аударымдар жүйесімен ақша аударуды және оған түбіртектің суретін жіберуді сұрайды. Уақыт өткеннен кейін хабарласқан адам байланысқа шығуды тоқтатады және ақшаны басқа адамға аударады,» — деді облыстық ПД баспасөз қызметі.

Полицияның хабарлауынша, алаяқтар мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары аясында оңай жолмен пәтер алып беруге уәде етіп, алдайды. Жұмысқа орналастыру үшін де алдап, ақша алатындап көп.

«Өткен жылдың тамыз айынан қараша айына дейін Темір ауданының тұрғыны «мұнай-газ секторындағы жалақысы жоғары жұмысқа орналастырамын» деп Темір ауданының 15 тұрғынын және көршілес Атырау облысының 15 тұрғынын алдаған. Ол әр адамнан 30 000 — 40 000 теңге көлемінде ақша алған. Сондай-ақ Ақтөбе қаласының тұрғыны өзінің мемлекеттік органдардың бірінде жұмыс істейтінін айтып, арнайы бағдарламамен пәтер алуға көмектесетінін жеткізген. Сөйтіп 12 ақтөбеліктің ақшасын иемденді. Олар 1 миллионнан 12 млн теңгеге дейін ақша берген», — деп хабарлады ПД баспасөз қызметі.

Пікір қалдырыңыз