Екібастұзда полицей топырақты қолымен қазып, үйінді астынан баланы алып шықты

Екібастұздық полицейлер топырақ басып қалған 8 жасар баланы құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға қаладағы тұрғын үй аулаларының бірінде болды.

«Екібастұз полиция басқармасының учаскелік инспекторы аға лейтенант Тахир Касумов Мәшһүр Жүсіп көшесі, №105 үйдің ауласында екі баланың орға түсіп кеткені туралы шақырту алып, оқиға орнына жеткен», — деп хабарлады Павлодар облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Тахир Касумов бір бала топырақпен көміліп қалғанын көрген. Ол төмен түсіп, топырақты қолымен қаза бастаған. Себебі күрекпен баланы жарақаттап алу қаупі болған.

«Үйінді астынан баланы шығарып алып, оны арқасымен жатқызған. Аузын құмнан тазартқан. Бала ес-түссіз жатты. Тахир оған жасанды тыныс алу мен жүрегіне массаж жасап, аман алып қалды», — деді баспасөз қызметінен.

Кейін полицей оны оқиға орнына жеткен жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырды. Екі бала да Екібастұз ауруханасына жеткізілді.

«Кәмелеттік жасқа толмаған 2011 және 2012 жылғы балалар, аулада ойнап жүріп, тереңдігі 2,5 метрлік шұңқырға түсіп кеткен және топыраққа көміліп қалған. Жақын жерде тұрған жанармай құю бекетіне кішкентай бала жүгіріп келіп, кассирден екі досының орға түсіп кеткенін айтып, көмек сұраған. Болған оқиғаны бірден полицияға хабарлаған. Бір баланы шығарып алған, ал екіншісі топырақтың астынан көрінбеген», — деп атап өтті ведомстводан.

Аға лейтенант Тахир Касумовтың жедел және нақты әрекеттерінің арқасында бала құтқарылды.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: