Мәскеуде ұшақ апатынан ондаған адам мерт болды

Мәскеуде жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, ондаған адам опат болды. Алдын ала ақпарат бойынша, Шереметьево әуежайына апатты жағдайда қонған соң өртенген ұшақтан адамдардың бір бөлігі сыртқа шыға алмай қалған, деп хабарлайды Азаттық. 

Мамырдың 5-і күні кешке Ресей тергеу комитеті Мәскеудің Шереметьево әуежайында «Аэрофлот» әуе компаниясының «Сухой Суперджет» жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 41 адам қаза тапқаны туралы хабарлады. Ұшақта барлығы 73 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Мерт болғандардың арасында экипаждың бір мүшесі бар деп хабарланды.

«Аэрофлот» компаниясы апаттан тірі қалған 33 жолаушының аты-жөнін жариялады. Ақпарат агенттіктері ауруханаға жеткізілген бес адамның екеуінің жағдайы ауыр деп хабарлады.

Жексенбі күні Мәскеу уақытымен сағат 17:57 кезінде Ресей астанасынан Мурманскіге ұшып шыққан ұшақ экипажы ұшақта апатты жағдай туындағаны туралы сағат 18:25 кезінде жерге хабарлаған. Арада бес минут өткенде Мәскеу әуежайына оралған ұшақ жерге қонғаннан кейін өртенген. Ұшақтағы жолаушылар құтқару құралдарының көмегімен сыртқа қашып шыққан.

«Аэрофлот» компаниясы баспасөз хатшысы жолаушылардың ұшақтан 55 секундта шығарылғанын айтады. Бірақ, «Интерфакс» агенттігінің дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлауынша, ұшақтың артқы бөлігінде болған адамдар сыртқа шығып үлгермеген.

Ұшақ ұшқыштарының бірі Денис Евдокимов Baza басылымына берген сұхбатында әуеде ұшаққа найзағай түсіп, салдарынан ұшақ жүйесі істен шыққанын растаған. Экипаж жанармайы толық ұшақпен апатты жағдайда жерге қонуды ұйғарған. Ұшқыштың айтуынша, экипаж ұшақты қондырған кезде арнайы нұсқаулық талаптарын орындап, ұшақ жылдамдығын шекті шамадан асырмаған. Бірақ әуежай алаңына қонған кезде ұшақтың астыңғы бөлігі жерге соғылып, өрт шыққан. Агенттіктің хабарлауынша, ұшу алаңына үш рет соғылған ұшақтың артқы дөңгелегінің тіреуіші сынып кеткен. Оның сынықтары түскен қозғалтқыштан өрт шығып, ұшақтың артқы бөлігі тұтас жана бастаған.

Әлеуметтік желіде тараған видеолар мен фотоларда әуежайдың ұшу алаңында өртеніп жатқан ұшақтан адамдардың жанұшыра қашып шығып жатқан сәті бейнеленген.

Өрт салдарынан ұшақтың артқы бөлігі тұтас жанып кеткен. «Сухой» компаниясының хабарлауынша, 2017 жылы зауыттан шыққан бұл ұшақ биыл сәуірде техникалық байқаудан өткізілген.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі Ресей астанасындағы ұшақ апатында қаза тапқандар арасында қазақстандықтар бар-жоғын әлі хабарлаған жоқ.

Ресейде ұшақ апатына байланысты қылмыстық іс қозғалып, апат себебін анықтау үшін комиссия құрылды.
Мәскеудің Шереметьево әуежайы мамырдың 5-і күні кешке ұшақ қабылдауды шектеп, басқа жақтан келген әуе рейстерінің көбін Домодедово, Нижний Новгород немесе Санкт-Петербургке бұрды.
Сухой Суперджет – СССР тарағаннан кейін Ресейде жаңадан жасалған алғашқы жолаушылар ұшағы. Жақын бағыттар бойынша жолаушы тасымалдауға арналған бұл ұшақты 2011 жылдан бері бірнеше елдің әуе компаниялары пайдаланып келеді. Ресейлік Сухой Суперджет ұшағының қатысуымен осымен жетінші төтенше оқиға тіркеліп отыр. Бұған дейін 2012 жылы Индонезияда осындай ұшақ апатқа ұшырап, 45 адам қаза тапқан.

Пікір қалдырыңыз