Израильде зымыран шабуылынан қаза тапқандар саны артты

Газа секторынан атылған зымыран құлаған жер. Израиль, Кирьят-Гат қаласы, 4 мамыр 2019 жыл.

Израиль мен Газа секторы арасындағы атыс құрбандарының саны өсіп барады, деп жазады Азаттық. 

5 мамырда Израиль полициясы атыс болып жатқан соңғы үш күн ішіндегі төртінші адамның қаза тапқанын хабарлады. Қаза тапқан азамат — Газа секторынан Ашдод қаласына атылған зымыран шабулының құрбаны.

Израиль шабуылынан қаза тапқан палестиналықтар саны, түрлі дерек бойынша, 16-дан 22-ге жетеді. Жүзден аса адам жараланған. Құрбандардың көбі – қаруланған топтардың мүшелері. Бірақ қаза тапқандар арасында бейбіт тұрғындар бары туралы да дерек бар.

Соңғы үш күн ішінде ХАМАС радикал тобының бақылауындағы Газа секторы Израильді 600-ден аса зымыранмен атқылаған. Зымырандардың бір бөлігін зымыран тосу құрылғысы ұстап қалғанымен, кейбірі тұрғын үйлерге тиген. Мыңдаған адам баспанасын тастап, қауіпсіз жерлерге көшуге мәжбүр болған.

Жауап ретінде Израиль Газаға да 300-ге тарта зымыран атқылаған. Палестиналықтар зымырандар тұрғын үйлерге тиіп жатқанын айтқан. ХАМАС Израиль шабуылынан топтың әскери құрылымдарының бірінің лидері Хамед Ахмед әл-Ходаридің қаза тапқанын растады.

Еуроодақ атысты доғаруға шақырған. АҚШ Израиль жақтасатынын білдіріп, оның «қорғануға құқылы» екенін айтты.

Пікір қалдырыңыз