Отандық тауарларға басымдық беріледі

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин ішкі нарықты тұрмыста жиі қолданылатын отандық тауарлармен көбейтуді тапсырды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақтөбеде өңір басшысы Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен қарапайым заттар экономикасын дамыту сұрақтары бойынша жиын өтті. Жиын жұмысына даму институттарының, екінші деңгейлі банктердің, бағдарламаның әлеуетті қатысушылары – кәсіпорындардың басшылары, жергілікті атқарушы орган өкілдері мен аудан әкімдері селектрлік тәртіпте қатысты.

Облыс әкімінің алдында есеп берген оның орынбасары Қайрат Бекенов халық жиі тұтынатын азық-түлік пен киімдер өндірісінің қуаттылығы артады деп сендірді. Оның айтуынша, Ақтөбе облысында «қарапайым заттар» бағдарламасын жүзеге асыру үшін 25,2 млрд теңгеге 37 жоба әзірленді. Осы бағдарламаға қатысуға Ақтөбе қаласы мен Алға ауданының кәсіпкерлері көп қызығушылық танытады. Алайда Қарғалы, Әйтеке би, Қобда, Темір және Хромтау аудандары қазіргі сәтте осы бағыт бойынша бір де бір жоба ұсынбаған.

Өңір басшысы аталған аудан әкімдерін сынға алып, осы бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды.

Жиын соңында облыс әкімдігі, «Атамекен» кәіпкерлердің өңірлік палатасы, сонымен қатар «Анвар» және «Дина» сауда желілерінің арасындағы үшжақты меморандумға қол қойылды. Аталған сауда желілері халық тұтынатын отандық тауарларды сатуға қолдау көрсететін болды. Сараптамаға сәйкес, бүгінде «Дина» және «Анвар» сауда желілері арқылы халық тұтынатын тауарлардың 63%-ы сатылып келеді.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: