Ақтөбелік тұрғын «Мәңгілік полк» шеруіне шақырады

Соғыс жылдарындағы жауынгердің ұлы із-түссіз жоғалғандар құрметіне арналған «Мәңгілік полк» шеруіне әр адам атсалысу керек деген ойда.

9 мамыр күні «Мәңгілік полк» шеруінде сапқа тұруды Ахметовтер әулеті әдетке айналдырған. Марат Ахметов жылда артиллерия жауынгері саналатын әкесі Оспан Ахметовтың суретін алып, шеру сабына тұрады.

«Әкемнің осы суретін алып, жылда «Ешкім де, ешнәрсе де ұмтылмайды» ұранымен өтетін «Мәңгілік полк» шеруіне қатысамын. Бұл суретке әкеміз майданнан қайтып келе жатқан кезінде түскен. Қазір біз жылда 9 мамырда әкімдіктің қасынан орталық саябаққа дейінгі аралықта жаяу жүріп өтеміз. Бұл тәрбиелік мәні зор үлкен шара. Сол кезде көп адамның арманы орындалмай қалды. 18 -20 жасынан қыршын кеткендер бар. Тіпті кейбірі қолына қару ұстамай, соғысқа бара жатқан жерінен ұшақтар бомбалап, вагонның ішінде өліп кетті. Осындай жауынгерлердің рухына тағзым ететін «Мәңгілік полк» шеруіне барлығымыз бір ауыздан атсалысуымыз керек. Ұрпақтары осы акцияға қатысып отырса, бабалар ерлігін ұмытпас едік»,-дейді Марат Ахметов.

Ұлы Отан соғысының ардагері Оспан Ахметов 1925 жылдың 10 наурызында Шалқар қаласында дүниеге келген. 1943 жылы 18 жасында соғысқа аттанып, артиллериялық полкта әскери борышын өтеген.

«9 мамыр күні қаламыздағы белгісіз жауынгерге қойылған Мәңгілік алау ескерткішіне барып тағзым етіп тұрамыз. Сол жылдары қаншама адам белгісіз болып топырақтың астында қалып қойды. Із-түссіз жоғалып кеткендер әлі күнге дейін іздестіріліп жатыр. Мәңгілік алау — кешегі сұм соғыста белгісіз кеткен қарапайым жауынгерлердің жүрегінің оты. Олар мәңгі жанып тұрады. Соны жастар біліп, құрмет көрсете білу керек»,-дейді Марат Ахметов.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: