Ақтөбелік студент хош иісті әтір ойлап тапты

Жаңа парфюмерлік өнім қазірден жоғары сұранысқа ие.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік универсететі жаратылыстану факультетінің 4 курс студенті Қамажай Қазиева ұстаздарын ерекше қабілетімен қуантты. Студент бірнеше түрлі эфир майының көмегімен 4 түрлі әтір ойлап тапқан.

«Бұл менің дипломдық тақырыбым. 3 курстан бері осы жобамен жұмыс жасап келемін. Маған әртүрлі иістермен жұмыс жасаған ұнайды. Парфюмдарды жақсы көремін. Өзім химия мамандығы бойынша оқып жатқаннан кейін осыны неге өзім жасап көрмеске деп ойладым. Қазір мен тек дайын эфир майларымен жұмыс жасап жүрмін. Болашақта әтір дайындайтын эфир майын да өзім жасайтын боламын»,- дейді Қамажай Қазиева.

Студент бір әтірді жасау үшін бірнеше эфир майын қолданып жүр. Айтуынша, табиғи таза өнімнің адам денсаулығына зияны жоқ. Мұндай әтірлерді қан қысымы жоғары адамдар да пайдалана алады екен.

«Әтір дайындаған кезде бірінші иістерді зерттеп аламын. Себебі иіс те адамның көңіл күйіне әсер етеді. Қан қысымы жоғары адамдарға қолдануға болмайды деген эфир майларын пайдаланбаймын. Жағымды әсері бар иістерді таңдап, олардың өзара үйлесімділігін зерттеймін. Қазір дайындаған әтірлерім адам денесінде екі күнге дейін тұрады»,-дейді ол.

Студент алғашқы өнімін анасына сыйлаған. Болашақта жобасын дамытып, кәсіпке айналдыруды жоспарлап жүр.

«Қазірден жан-жақтан адамдар хабарласып, тапсырыс беру туралы айтып жатыр. Мен ол жұмыстарды дипломдық жобадан кейін қолға алатын боламын»,- дейді Қамажай Қазиева.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: