Путин Донбасс тұрғындарына азаматтық беретін жарлыққа қол қойды

Ресей президенті Владимир Путин Донбасс аймағында 2014 жылдан бері тұрып жатқан украиндықтарға Ресей азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен беру туралы жарлыққа қол қойды. Жарлық 1 мамырда Кремль сайтында жарияланды, деп жазады Азаттық.

Путиннің жарлығына сәйкес, Донбасстағы қарулы қақтығысқа дейін өмір сүріп жатқандарға да азаматтық алуына мүмкіндік берілген. Ішкі істер министрлігі мәлімдеуінше, 77 мың Украина азаматы Ресейден баспана алған. Ал федерация кеңесі соғыс аймағынан қашқан тұрғындар саны 2,5 миллионға жетеді деп хабарлады.

Путин қол қойған жарлықта Совет одағы аумағында дүниеге келген Ауғанстан, Ирак, Йемен, Сирия тұрғындарына және олардың балаларына да жеңілдетілген тәртіппен азаматтық беру қарастырылған.

Путин 27 сәуірде Пекинде «Бір белдеу — бір жол» саммитінде Ресей билігінің Донбасс қана емес, Украинаның барлық азаматына жеңілдетілген тәртіппен азаматтық беру мәселесін қарастырып жатқанын мәлімдеген. Ол Донбасс тұрғындарына азаматтық беруге шамамен 100 миллиард рубль жұмсалады деген.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: