Ақтөбедегі жалғыз балалар кардиохирургі ота жасау үшін шақыруға өз көлігімен де барады


Ақтөбе облыстық балалар ауруханасының кардиохирургі Әнуар Досмағанбетовтің әр күні жоспарлы. Ол Қазақстанның батыс өңірлері бойынша балалардың жүрегіне ота жасайтын жалғыз маман. Хирург сәл демалып, шетелге тәжірибе жинауға баруға да уақыт таппай жүр.

Қазақстанның батыс аймағы бойынша жалғыз өзі ғана балалардың жүрегіне ота жасап жүрген Әнуар Досмағанбетов шетелде тәжірибе жинағысы келеді. Бірақ қазақстандық науқас балалардың және ата-аналарының көңілін қимайды. Бұл туралы дәрігер «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» филиалына айтып берді.
Ақтөбелік дәрігер Әнуар Досмағанбетов 2009 жылдан бері облыстық балалар ауруханасының балалар кардиохирургиясы бөлімін басқарып келеді. 10 жыл бұрын университеттің жалпы хирургия мамандығын бітірген ол бірден балаларды емдеуге машықтанды, Голландия, Чехия мен Австралияда кәсіби біліктілігін шыңдады.

«Австралия мені жұмыс істеуге шақырып отыр. Біліктілігімді жетілдіріп, өзімді шыңдағым келеді. Бірақ кардиохирургияны кімге мирас етіп кететінімді білмеймін. Мен өз ісімді жақсы көремін. Баланың жүрегі – өте нәзік мүше. Ал бала – әрбір ата-ана үшін баға жетпес байлық. Сондықтан барлық отаны өзім жасаймын, басқа адамға тапсыра алмаймын. Тіпті түнгі кезекшіліктен шығып, шаршап отырсам да таңертең әр баланың және ата-анасының жағдайын жеке өзім біліп шығамын», — дейді кардиохирург Әнуар Досмағанбетов.

Адал қызметі үшін дәрігер ай сайын көптеген алғыс хат алып жатады. Мәселен, соңғы айда 18 алғыс алды. Әнуар Досмағанбетовке Орынбордан да науқастар арнайы жоспарлап келеді.

«Санитарлық авиациямен Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарына ұшып барамын. Бірақ бір кезде Оралға өз көлігіммен жетіп бардым. Себебі шұғыл жағдай болды. 1 жасқа дейінгі балаға ота жасаған әлдеқайда тиімді, сол кезде бала тез оңалады. 2016 жылы жаңа туылған тек бір нәрестенің жүрегіне ота жасалды. Былтыр 22 нәрестенің жүрегін емдедім. Яғни, жыл сайын 1 жасқа дейінгі балалар көп қамтылып келеді», — дейді ақтөбелік кардиохирург.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: