Ақтөбеде көру мүмкіндігі шектеулі жандар өз көмекшілерінің жалақысын көтеруді сұрады


Облыс әкімдігінде мүмкіндігі шектеулі жандар әлеуметтік жағдайды жақсартуды сұрады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Көзі нашар көретін Мұсағали Дауловтың арызын Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қарады. Оның айтуынша, Мемлекеттік сатып алу кезінде мүгедек пен мемлекет арасында делдал болып жүрген үкіметтік емес ұйымдарды алып тастау керек.

«Сол кезде бюджет қаржысы тиімді жұмсалады. Өкілетті органға жүктемені азайту үшін ай сайынғы есепті онлайн түрде тапсыруды қарастыру керек. Сондай-ақ жеке көмекшінің қызметін көрсетуде құқықтық актілерді қайта қарау қажет. Мәселен, демалыс күндері жеке көмекшіге ешқандай ақы төленбейді, бұл мүгедектің мәдени көпшілік шараға қатыса алмайтындығын білдіреді», — деді І-топ мүгедегі Мұсағали Даулов.

Алайда «Сал ауруына шалдыққан азаматтарды қорғау» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Құралай Бәйменова бұған қарсы пікір білдірді. Оның айтуынша, жеке көмекші – бұл мүгедектің жақын тумасы. Жұбайы немесе баласы.

«Қазақстан Республикасының «Неке және отбасы туралы» Заңында жақын отбасы мүшелеріне қамқорлық жасау керектігі айтылады. Ал бұл жерде жеке көмекшіге қамқорлық жасағандары үшін мемлекет ақы төлеп отыр», — деді Құралай Бәйменова.

Пікір қалдырыңыз