Ақтөбеде бюджет қаржысын тиімді игере алмаған әкімдер жазаланатын болды

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин кірісі азайған аудандарды атады. Егер тапсырма орындалмаса тәртіптік жаза да қолданылады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақтөбе облысы әкімдігінде бюджеттің кірісі мен бағдарламалардың орындалуы жөнінде жиын өтті. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаеваның айтуынша, бірінші тоқсанда бюджетке 26,7 млрд теңге кіріс түсті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,1 млрд теңгеге төмен. Төмендеу Ақтөбе қаласы, Мұғалжар, Әйтеке би, Ырғыз, Алға аудандарында тіркелді.

«Әзірге мұны менің тарапымнан ескерту деп түсініңіздер. Егер жарты жылдық қорытындыда дәл осындай көрсеткіш жалғасатын болса, тәртіптік шара қолданылады», — деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Кіріс көзінің төмендеуіне бірнеше себеп әсер етті. Ақтөбедегі кейбір кәсіпорын иелері өзге қалаға немесе облысқа тіркелгендіктен, салықты сол аймаққа төлейді. Сондай-ақ бюджеттік бағдарлама әкімшілері қаржылық тәртіпті дұрыс сақтай алмай отыр. Мәселен, жобалық-сметалық құжаттар дұрыс жасалмай, мемлекет қаржысы желге ұшты. Мұндай жағдай Қарғалы ауданында тіркелді. Спорт мектебінің жобалық-сметалық құжатына 4 млн теңге жұмсалғанмен, уақыт өте келе спорт мектебі мүлде қажет болмай қалған. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин жиынды қорытындылап, жауапсыздыққа жол бергендер мен жоспарды дұрыс құрмай, қаржыны тиімсіз жұмсағандарға қатаң шара қолданатынын жеткізді.

Пікір қалдырыңыз