Ақтөбелік полицейлер ел чемпионатында қола медаль иеленді

Семей қаласында самбо күресінен ерлер мен әйелдер арасында және жауынгерлік самбодан ел чемпионаты өтті. Ақтөбеден барған полиция қызметкерлері қола медаль иеленді.

Чемпионатқа еліміздің әр түкпірінен 200-ден астам спортшы қатысты. Олар спорттық және әскери самбодан өзара сынға түсті. Ақтөбе облыстық полиция департаменті Арнайы даярлық басқармасының инспекторы, «Сардар» лақап атымен спортшылар арасында кеңінен танымал Шыңғыс Шоқпытов 100 келі салмақ дәрежесі бойынша және Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ инспекторы Александ Борисов қола медаль иеленді.

«Әр жылғы чемпионаттың өз ерекшелігі бар. Бұл жолғы белдесулер тартысты өтті. Мен де өз жерімнің патроиты ретінде намысты қолдан бермеуге тырыстым. Енді осы жылдың қыркүйек айында Индияда өтетін Азия чемпионатына қатысамыз. Үлкен жетістікке жету үшін тер төгіп, көп жатығу, шыңдалу қажет», — деді Шыңғыс Шоқпытов.

Жылдам қимылдайтын жасақ сарбазы Александр Борисов 74 келі салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті.

«Сайыстан үлкен жігер алып қайттым. Мені қолдаған барлық адамдарға, әріптестеріме үлкен ризашылығымды білдіремін. Мен жеткен жетістігімде тұрып қалмаймын. Алға талпынып, дайындалып, Азия, Әлем чемпионаттарында одан да жақсы нәтижеге қол жеткізуге ұмтыламын», — деді сарбаз Александр Борисов.

Жеңімпаздар өз жеңістері үшін жаттықтырушысы Үбаев Ақәділ мен Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ командирі Қажымұқан Шалтақовқа ризашылықтарын білдірді.

Пікір қалдырыңыз