Ақтөбелік ұшқыштар күн жылынғанда Наурыз мерекесін тойлады

12 сәуір –Халықаралық авиация және ғарышкерлер күні. Ақтөбедегі Талғат Бигелдинов атындағы ұшқыштар институты бұл күнді Наурыз мерекесімен бірге атап өтті.

Әскери институттың есігі ашық болды. Кез келген қала тұрғыны жабық мекеменің тынысымен танысып, ұшақтарға мініп, естелік суреттерге түсті. Салтанатты шараға қала әкімі қатысып, тұрғындарға құттықтау арнады.

«Көктемнің жаймашуақ айында ұшқыштар институтында Наурыз мерекесі тамаша ұйымдастырылған. Ұшқыштар дайындайтын әскери институт тек Ақтөбенің ғана емес, Қазақстанның мақтанышы. Елдің мақтанышы болып отырған оқу орнының қала тұрғындарымен осындай тығыз байланыс жасауы қуантады. Сіздердің барлықтарыңыздың отбасыларыңызға қуаныш, ырыс, береке тіледім», — деді Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов.

Әскери институт ұжымы мерекені жоғары деңгейде ұйымдастырған. Оқу орнының ауласына тігілген 10 киіз үйдің дастарханынан келушілердің барлығы дәм татты. Ал сахналанған қойылымда қазақтың барлық салт- дәстүрі көрсетілді. Күйеу аттандыру, сырға салу, қыз ұзату, келін түсіру, бесікке салу, тұсаукесу, атқа мінгізу секілді қазақтың әдет-ғұрпы таныстырылды. Сонымен қатар аударыспақ, гір көтеру, күш сынасу, асық ойыны секілді ұлттық ойындарға оқу орнының басшыларына дейін қатысты.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: