Өскемендік полицейлер айыппұлды планшетпен рәсімдеуде

Өскемендік сақшылар айыппұлды планшет арқылы рәсімдеуге көшті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Цифрлық технологиялар құқық қорғау қызметіне де енгізіле бастады. Өскемендегі жол-патрульдік полиция қызметкерлері 100 планшетпен жабдықталған. Ең әуелі бұл сақшылардың уақытын үнемдейтін көрінеді.

«Бұрын бір айыппұлды рәсімдеу үшін кем дегенде 15-20 минут кететін. Ереже бұзған адамның дерекқордағы мәліметтерін кезекшіден білуге тура келетін. Ал қазір планшетке азаматтың ЖСН-нын теріп қалсаңыз, барлық дерек шыға келеді. Егер ереже бұзуші өз айыбын мойындаса, планшеттің бетіне арнайы қаламсаппен қол қояды. Ал сақшы оның қолына айыппұл түбіртегін шығарып береді. Бұрын кезектен түскенде барлық айыппұлдың көшірмесін тапсыру керек болатын. Ал планшет арқылы рәсімделген қаулының бәрі автоматты түрде базаға кіреді. Соның арқасында бір айыппұлға 4-5 минут қана кетеді» — дейді полковник Дәуір Ибраев.

Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан бойынша 23 мың хаттама электронды форматта рәсімделген.

Пікір қалдырыңыз