Шымкентте ерегескендерге оқ атқан ер адам сотталды


Шымкент қаласында атышулы іс бойынша сот үкімі шықты, — деп хабарлайды «Отырарға» сілтеме жасаған Tengrinews.kz.

Әл-Фараби аудандық қылмыстық істер жөніндегі сотында азамат М.М. 2018 жылы 9 қыркүйекте Шымкент қаласындағы Б.Момышұлы көшесінде орналасқан кафеде Д. және К. есімді ер адамдармен жанжалдасып, өз көлігінен (тергеу барысында тіркелмеген қару) заңсыз сақталған қару алып шығып, зардап шеккендерге қарай бағыттап оқ атқаны үшін жауап берді.

Зардап шеккен К. есімді ер адам жеңіл дене жарақатын алды.

Сот М. есімді ер адамды ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабы 2-бөлігі (заңсыз қару сақтау) және 293-бап 3-бөлік 2-тармақ (қару қолдана отырып бұзақылық жасау) бойынша кінәлі деп таныды. Қылмыс жиынтығы бойынша оған барлық кезеңге пробациялық бақылау орната отырып, 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу тағайындалды.

Жаза тағайындаған кезде сот сотталушының жәбірленушілермен татуласқанын ескерді. Жәбірленушілер оның түрмеге қамалмауын сұраған. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Пікір қалдырыңыз