Қарағанды, Ақтөбе, Қостанай облыстарында су тасу кезеңі аяқталды — Қазгидромет

«Қазгидромет» РМК Гидрология департаментінің директоры Дидар Жәнібекұлы үш облыста су тасу кезеңі аяқталғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алайда ШҚО, Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарындағы жағдай жауын-шашынның қаншалықты деңгейде жауатынына байланысты.

«Біздің бақылаудан алынған мәліметтеріміз бойынша, қазіргі уақытта Қарағанды, Ақтөбе, Қостанай облыстарында су тасқыны маусымы бітті деп есептеуге болады. Ақмола облысының Есіл өзені, Астана су қоймасын да сол қатарға жатқызуға болады. Бүгінгі күні Қалқұтан, Жабай өзендерінің су деңгейлері қалыпты. Бірақ, бүгін не ертең ол өзендерде су деңгейі түседі деп болжам жасап отырмыз. Аталған аймақтағы сулардың бәрі жинақталып, СҚО-да су деңгейінің көтерілуіне әкеліп соқтырды», — дейді Дидар Жәнібекұлы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, Шығыс Қазақстандағы жазықтарда қардың еру үрдісі толықтай өткен. Қар тек таулы аймақтарда сақталған. Ол жақтағы өзендердің су тасқынының маусымы — жауын-шашынның қаншалықты деңгейде жауатынына байланысты болады.

«Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарындағы өзендерде осындай жағдайлар қалыпты. Бұл өңірлердегі су деңгейлерінің көтерілуі — жауын-шашын мөлшеріне және қанша күн жауатынына байланысты болмақ. Сырдария, Ертіс, Шу, Талас, Жайық, Тобыл секілді трансшекаралық өзендердің су мөлшері жоғарғы жақта орналасқан су қоймаларының жұмыс режімдерімен есептеліп отырады», — дейді Дидар Жәнібекұлы.

Дидар Жәнібекұлы атап өткендей, Қазгидромет өңдеген NASA жерсеріктерінің жерді қашықтықтан зондтау суреттеріне сәйкес, Қазақстан аумағының қар жамылғысы 23 пайызға (30-дан 7 пайызға) азайған. Қар жамылғысы көбінесе сайларда, орманды және таулы жерлерде сақталып отыр.

Еске сала кетсек, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер бүгін Қазгидрометтің болжамына алаңдап отырғанын жеткізген болатын.

«Біз Қазгидрометтің болжамына алаңдап отырмыз. 10-12 сәуір күндері Алматы, Шығыс Қазақстан, Павлодар мен Ақмола облыстарында қатты жауын-шашын болады деген болжам бар. Егер жаңбыр көп жауса, су тасқыны ушығып кетуі мүмкін. Аптаның аяғына дейін қатты жауын болмаса екен дейміз. Сонда үлкен су Астраxан мен Атбасармен тездетіп өтеді де, бізге көп проблема туғызбайды», — деді В.Беккер елордада өткен баспасөз мәслиxатында.

 

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: