Ақтөбенің әкімдері әлеуметтік желіде: Шенеуніктер не туралы жазады?

 

Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін Ақтөбе облысының әкімдері де әлеуметтік желіде жаппай парақшаларын ашты.

Шенділер аз уақыттың ішінде суреттерін бірнеше рет жаңартып үлгерген. Әкімдер өз парақшаларына туған күндері туралы ақпаратты да салып қойған. «Әлеуметтік желіде парақша ашып, халыққа барынша жақын болу қажет» деген Мемлекет басшысының тапсырмасын жергілікті шенеуніктер қалай орындап жатыр? Ақтөбеде желіде белсенді отыратын әкімдер кімдер? Aktobenews.kz сайты осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.

Ілияс Испанов. Ақтөбе қаласының әкімі әлеуметтік желіні бұрыннан жүргізеді. Оқырмандарының барлық сауалына жауап беріп отыратын қала басшысын халыққа жақын шенділердің қатарына қосуға болады. Испанов, әсіресе, Instagram желісінде белсенді. Әкім қала тұрғындарының арыз-шағымымен желіде танысып, жауап беріп отырады.

View this post on Instagram

Осы демалыс күндері көршілес Орал қаласы, Ресей елінің астанасы-Мәскеу қаласы өз туған күндерін атап өтуде. Қыстың қамын жазда ойла демекші, келесі 2019-шы жыл сүйікті шаһарымыз үшін ерекше болады, өйткені Ақтөбе қаласы 150 жылдығын атап өтеді. Осы орайда, қала мерейтойын атап өтуге байланысты жұмыс тобы өз қызметін бастады. Ал Сіздер қандай ұсыныстар айтар едіңіз!? ✍️В эти выходные день рождения города отметили наши соседи — жители города Уральск и жители столицы России — города Москва. Были организованы множество мероприятий, посвящённых знаменательной дате. В следующем году наш любимый город Актобе отпразднует свой 150 летний юбилей. Рабочая группа по подготовке к данным торжествам уже начала свою деятельность. Я же в свою очередь, хотел бы узнать ваши мнения и предложения по юбилею любимого города. #akimataktobe

A post shared by Ілияс Сапарбекұлы Испанов (@i.ispanov) on

Оның парақшасында 21,6 мың оқырманы бар. Instagram арқылы тікелей эфирге жиі шығып, оқырмандарымен байланысын жандандырып отырады. Facebook желісінде 4973 адаммен достасқан. Әкім Aktobenews.kz сайтына осыған дейін берген сұқбатында әлеуметтік желіні өзі жүргізетінін айтқан болатын. Испанов балаларын да әлеуметтік желіге қосқан. Жақындарымен де Whatsapp желісіндегі отбасылық топ арқылы сөйлесіп отырады екен.

Жолдас Қалмағамбетов. Темір ауданының әкімі әлеуметтік желіні облыстық дін істер басқармасының басшысы болған кезден белсенді жүргізеді. Әкімнің Facebook-те 4993, Instagram-да 2348 оқырманы бар. Ауданда жасап жатқан жұмыстардан бастап, отбасы туралы мәліметтерді ашық жазады. Оқырмандары шендінің әжесін қатты жақсы көретініне дейін біледі. Қалмағамбетов парақшасы арқылы анасына, жұбайына да лебіздерін арнап отырады. Әкім өзін «ауылдың пиаршигімін» деп те атап жүр. Темір ауданының тынысын, ауыл тұрғындары туралы ақпаратты белсенді бөлісіп отырады. Әсіресе, жетім балалар үйіндегі жазбалары көптің ықыласына бөлінген.

Ербол Данағұлов. Мұғалжар ауданы әкімінің оқырмандары Facebook парақшасында белсенді. Әкімнің әр жазбасына пікір қалдырып, бөлісіп отыратындар көп. Facebook-те әкім екі аптаның ішінде 4997 оқырман жинаған. Ал Instagram желісіндегі аудан басшысы бір аптада 1944 оқырман жинапты. Әкім афоризм сөздерді, өмір туралы ойларын да еркін бөлісіп отырады. Данағұлов Шалқардан шыққан атақты адамдармен түскен суретін де желіге жүктеп отырады. Әкімнің 20 жыл бұрын жерлесі Жанар Айжановамен түскен фотосы көп талқыланды.

Асқар Жүсібалиев. Қарғалы ауданының әкімі әлеуметтік желі қызығына түсе қоймаған шенділердің бірі. Instagram-ға тек өз суретін ғана жүктеген, 111 жазылушысы бар. Әкім Facebook-та 721 адаммен достасқан. Қарғалы ауданы әкіміне БАҚ өкілдерінің көпшілігі достық жіберген.

Бауыржан Қаниев. Шалқар ауданы әкімінің Facebook желісіне жүктеген алғашқы суретінің өзіне 7 адам репост жасаған. Әкім әлеуметтік желіде аса қатты белсенді емес. Десе де әкімнің жазбаларының астына тілек қалдырушылар жетерлік.

Мәди Елеусізов. Facebook-тен Ырғыз ауданы әкімінің аты-жөнін орыс тілінде жазып таба аласыз. Оның 922 досы бар. Әкімнің өзіне қарағанда оқырмандары белсенді. Әкімді белгілеп, бөліскен жазбалар көп. Елеусізовке Instagram-да 238 оқырман ғана жазылған.

Нағымжан Алдияров. Алға ауданы әкімінің әлеуметтік желіге шыққанына көп бола қойған жоқ. Facebook желісіне 665 оқырманы бар. Әкім Instagram желісіне ештеңе салмаса да 108 жазылушысы бар. Әкімнің өзі төрт адамға жазылған.

Мәлімбет Ибрашев. Әйтеке би ауданының әкімі Facebook парақшасында бұрыннан отырады. Онда 4978 оқырманы бар. Әкім желіде белсенді болмағанымен, оқырманы көп. Ибрашев Рамазан айында ауыз бекітіп, ораза ұстайтын облыстағы жалғыз әкім.

Асқар Шериязданов. Байғанин ауданының әкімі Facebook парақшасына алғашқы суретін 30 наурыз күні жүктеген. Желіде белсенді әкімдердің қатарында емес. Әкім аудандағы борлы таудың ғана суретін жүктеген.

Дастан Сағыров. Ойыл ауданының әкімі Instagram желісінен 514 оқырман жинаған. Әкім виртуалды әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде белсенді болуға уәде берген. Шенді Facebook-та 1253 адаммен достасқан.

Жандос Байырханов. Мәртөк ауданы әкімінің Instagram парақшасын таппадық. Әкім Facebook парақшасында да белсенділердің қатарында емес. Онда 141 оқырманы бар.

Мейрамбек Шермағамбетов. Қобда ауданының әкімі желіге өзінің қатысуымен өткен жиындардан суреттер мен бейнежазбаларды жиі жүктеп тұрады. Facebook-та 1254 досы бар.

Аманғали Бердалин. Хромтау ауданының әкімін әлеуметтік желіден таппадық.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: