846 елді мекенде медициналық нысан мүлдем жоқ — министр

846 ауылдық елді мекенде медициналық нысан мүлдем жоқ. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында алғашқы медициналық көмек сапасын жақсарту туралы баяндаған ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алғашқы медициналық көмек қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін ұйымдарды ірілендіру жүргізілуде. Алғашқы медициналық көмек ғимараттарының тозу деңгейі 9 өңірде республикалық көрсеткіштен жоғары. Сонымен қатар, инфрақұрылымды жаңарту шаралардың аздығына байланысты 846 ауылдық елді мекенде медициналық нысанның жоқтығын атап өткім келеді», — деді министр.

Сонымен қатар, ол еліміздің өңірлерінде, әсіресе ауылдық елді мекендерге келген жас мамандарға әлеуметтік қолдау көрсетудің және тұрғын үймен қамтамасыз етудің маңызы зор екендігін баса айтты.

«Көтерме жәрдемақы ұсыну бойынша Алматы, Қостанай және Жамбыл облыстары жеткіліксіз жұмыс жүргізуде. 2019 жылы еліміздің медициналық жоғары оқу орындарында 5 000-нан астам түлегінің 1515-і жалпы практика дәрігер маманы болады. Бұл алғашқы медициналық көмек кадрларының тапшылығын түгелдей қамтуға жеткілікті», — деді ол.

Оның атап өтуінше, жергілікті атқарушы органдар жас мамандарды тарту мақсатында барлық әлеуметтік қолдау шараларын жасауы қажет.

«Әлеуметтік қолдау шаралары ауылды елді мекендермен қатар, шағын қалаларда көрсету мүмкіндігі заңнамамен бекітілу қажет. Бұл сол жердегі кадр тапшылығын жоюға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жас мамандарға өз оқуын жеке меншік медициналық ұйымдарда жұмыспен өтеуге мүмкіндік беру қажет. Бұл алғашқы медициналық көмекті мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы дамытуға мүмкіндік береді»,- деді Е.Біртанов.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: