Наурыз мейрамында жазасын өтеушілер туған-туыстарымен кездесті

 

 

Ақтөбе қаласында орналасқан қауіпсіздігі орташа КА-168/2 мекемесінде ашық есік күні өтті. Наурыз мейрамында жазасын өтеушілер туған-туыстарымен кездесті.

«Түзеу мекемесі ұжымы жұмысының негізгі мақсаты — жазаны өтеуді ұйымдастыру емес, жазасын өтеушілермен тәрбие жұмысын жүргізу. Жазасын өтеушілер қоғаммен, туған-туысқандарымен байланыстарын үзбегендері жақсы», — деді КА-168/2 мекемесінің бастығы Байхат Қазбағамбетов.

Ашық есік күніне барлығы 20-ға жуық ата-ана келді. Олардың арасында сотталушылардың жұбайлары мен балалары да бар. Жазасын өтеушілерден құрылған өнер ұжымы концерт қойды. Концерттік бағдарлама кезінде сотталғандар аналарымен вальс биін билеп, көңілдерін бір көтеріп алды. Сонымен бірге КА-168/2 мекемесінің қызметкерлері ашық есік күніне келген сотталушылардың тума-туыстарына олардың тұрмыстық жағдайларын, күнделікті тыныс-тіршілігін таныстырды. Әрі сотталғандардың қолымен жасалған киіз үй тігіліп, іші ұлттық нақыштағы ою-өрнекті бұйымдармен көмкерілді. Наурыз көже таратылды. Арқан тартыс, қол күрес, гір тасын көтеру ойын түрлерінен жарыс болды.

Пікір қалдырыңыз