Арбаға таңылған Әлібек Елеусізов ақтөбелік жастарды Ардақ Назаровпен кездестіреді

Ақтөбеге ережесіз жекпе-жектен әлемнің үш дүркін чемпионы Ардақ Назаров келеді. Жергілікті жастармен кездесіп, отбасы құндылығы және бірлік, ынтымақ тақырыбында ой бөліседі, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Шараны ұйымдастырып, бастама көтерген Әлібек Елеусізовтің өзі І топ мүгедегі. Үнемі қоғамдық жұмыстармен айналысып жүрген ол былтыр арнайы Алматы қаласына барып, Ардақ Назаровпен кездесіп қайтқан.

«Үлгі тұтатын тұлғалар қазір азайып бара жатыр. Ал ​ Ардақ Назаровты ерекше құрметтеймін. Әрқашан өскелең ұрпаққа салиқалы сөздер айтып, барлығын бірлікке шақырып жүреді. Былтыр Алматы қаласына барған кезде мені жылы қабылдады. Ақтөбе жастарының атынан өтінішімді айтып, біздің өлкеге шақырдым», — дейді «Алаш» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әлібек Елеусізов.

Бүгінде әлем мойындаған чемпион көпке үлгі болып жүр. Өскелең ұрпаққа салиқалы сөздер айтып, орамды ой білдіріп келеді. Әрқашан жастарды өз елінің патриоты болуға шақырады.

«Түрлі жағдайлар болып жатыр. Жастар бір-бірінің жағасынан алып, қылмыс көбейіп кетті. Шалқардан ата-аналар хабарласып, аудан жастарымен кездестіруді өтініш етіп жатыр. Уақыттың тығыздығына байланысты сапарға шыға алмаймыз. Бірақ, барлығы әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирде өтеді. Бізге қолдау көрсетіп жатқан қалалық маслихат хатшысы Сұлупан Панақызына алғысымызды білдіреміз. Қоғамдық кеңес мүшелеріне рахмет», — дейді Әлібек Елеусізов.

Ардақ Назаровпен ақтөбелік жастардың кездесуі 9 ақпан күні сағат 15.00-де Студенттер сарайында өтеді.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: