Қалмұханбет Қасымов өткен жылғы жол-көлік оқиғасы деректерін жариялады

2018 жылы жол аппаттарындағы кісі өлімі екі есеге, 4 365-тен 2 096 адамға дейін қысқарды. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының ресми сауалына жауап берген ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов айтқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің жауабына қарағанда, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес Қазақстанда жол -көлік оқиғасында кісі өлімінің (4 365 адам) ең жоғары деңгейі 2007 жылы тіркелген. Осы кезеңде 100 мың тұрғынға шаққанда Еуропа елдерімен салыстырғанда жол-көлік оқиғасында қаза болғандардың ең жоғары көрсеткіштерінің бірі болып белгіленген.

«Қазіргі уақытта 2007 жылмен салыстырғанда республикада 2018 жылы жол апаттарындағы кісі өлімі екі есеге 4 365-тен 2 096 адамға дейін азайды. Бұл ретте өлім көрсеткіші 100 мың халыққа шаққанда көрсетілген кезеңде 17,7-ден 11,6-ға дейін төмендеді. Ресейде бұл көрсеткіш — 13, Қырғызстанда — 15, Румыния мен Болгарияда — 8, Еуропа одағы бойынша орташа алғанда — 5 жағдайды құрайды. Елімізде жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар кешені жүйелі түрде жүзеге асырылады. 2014 жылы «Жол жүрісі туралы» Заң әзірленді, ол барлық уәкілетті органдардың, сондай -ақ жол жүрісі саласына тартылған жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен міндеттерінің нақты жүйесін құруға мүмкіндік берді», — деп атап өтеді Қ.Қасымов.

Оның айтуынша, Заңмен көлік құралдарын басқаруға рұқсат беру талаптары күшейтілген. Мысалы «С» және «D1» кіші санатын алу үшін 21 жасқа толған, кемінде 3 жыл жүргізуші жұмыс өтілі, оның ішінде кемінде бір жыл «С1» санатына жатқызылатын көлік құралдарын басқару өтілі болуы қажетті. Сондай-ақ «D» санатындағы көлік құралын басқару құқығын алу үшін адамдардың және жүргізушілердің өтілі 21- ден 25 жасқа және жүргізушінің жұмыс өтілі 3 жылдан 5 жылға дейін ұзартылған. Жүргізушілерді даярлаудың сапасын арттыру бойынша жүйелі шаралар қабылданды. Мамандандырылған ХҚКО-ларда емтихан қабылдау компьютерлік тестілеу арқылы және нәтижесіне емтихан қабылдаушының ықпалын болдырмайтын автоматтандырылған автодромдарда ұйымдастырылды. Емтихан тапсырудың барлық процесі бейнекамераға жазылады.

«Сонымен қатар, мамандандырылған ХҚКО-лардан онша алыс емес орналасқан 25 аудандық тіркеу-емтихан пунктінде алғашқы жүргізуші куәліктерін беруге тыйым салынады. 2018 жылы барлығы 497 мың емтихан қабылданды. Бұл ретте емтихан тапсырған азаматтардың жартысынан азы ғана алғаш жүргізуші куәліктерін алды — 229 мың адам. Жалпы көрсетілген шаралар соңғы бес жылда 1 жылға дейінгі басқару өтілі бар жүргізушілердің кінәсінен жол апатының саны 48 пайызға (2014 жылы 934-ден 2018 жылы 488-ге дейін) және 1 жылдан 3 жылға дейін 53 пайызға (2014 жылы 1 543-ден 2018 жылы 726-ға дейін) төмендеді», — деді ол.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: