Ақтөбеде жоғары оқу орындарындағы студенттердің төрттен бірі тегін білім алады

Ақтөбеде 18 мың студент ақылы бөлімде оқиды

Ақтөбе облыстық статистика департаменті 2018/2019 оқу жылдарында білім алып жатқан студенттерінің санын жариялады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Жалпы Ақтөбе облысында орналасқан 6 жоғары оқу орында 24 459 студент білім алып жатыр. Соның төртеуі мемлекеттік оқу орындар болып саналады. Онда 17 966 студент немесе барлық студенттердің 73,5%-ы жоғары білім алуда.
Тағы бір қызық дерек. Ақылы түрде оқып жатқандардың саны да белгілі болды. Мемлекет есебінен 6 533 студент тегін оқып жатса, 17 926 адам білімді сатып алуға мәжбүр.

Aktobenews.kz тілшісі Ақтөбедегі ең танымал және студенттері көп төрт жоғары оқу орындарға хабарласып, ондағы оқу ақысын сұрады. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде ең қымбат оқу ақысы 443 000 теңгеге жеткен. Ал С.Бәйішев атындағы университетте ең төменгі оқу ақысы 230 000 теңге болса, Қазақ-орыс халықаралық университетінде оқу ақысының мөлшері 219 000 теңгеден басталады. Ең қымбаты — М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті. Оның орташа ақысы 750 000 теңгені құрайды.

Ең жоғары және ең арзан оқу ақыларын қосып, орташа баға алынды: 484 000 теңге. Енді сол қаражатты ақылы түрде оқып жатқан студенттер санына (17 926) көбейтсек, 8,6 млрд теңге шықты. Яғни, Ақтөбенің жоғары оқу орындарына жыл сайын орташа есеппен 8,6 млрд теңге түседі.

Еске сала кетейік, «Атамекен» ҰКП мәліметіне сәйкес, Қазақстанда жоғары оқу орын түлектерінің 60% мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Кәсіпкерлер палатасы жастар арасындағы жұмыссыздыққа алаңдаулы. Сондықтан әр университеттің оқу бағдарламасын салыстырып, қазақстандық оқу орындардың рейтингісін әзірлеген. Мәселен, «Автоматтандыру және басқару» мамандығы бойынша С.Бәйішев атындағы университет 26 оқу орынның ішінде 23-ші орында тұр. Ал «Есеп және аудит» мамандығы бойынша Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті 56-орынға тұрақтаған. «Жалпы медицина» мамандығы бойынша қазақстандық медицина университеттерінің арасында ақтөбелік университет нашар нәтиже алған. Сегіз жоғары оқу орынның ішінде М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті 7-орында тұр.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: