Ақтөбе хром қосындылары зауыты әкімдікке газбен жүретін 8 автобус сыйлады

«ҚазХром» ТҰК АҚ қалалық әкімдікке қарасты автобус паркіне 8 көлік сыйлады. Автобус №40 бағытында жүреді.

«ANKAI» маркалы жаңа автобустар газбен жүретін қозғалтқыштармен жабдықталған. Ол Еуро-5 стандарттарына сәйкес келеді, яғни, экологиялық тұрғыдан алғанда қауіпсіз.

Сыйымдылығы жоғары, жылы әрі жайлы көлік мүмкіндігі шектеулі адамдарды тасымалдауға арналған көтергіштермен және бейнебақылау жүйесімен жарақталған. Бұл жолаушылардың қауіпсіздігін жан-жақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жаңа көлік №40 бағытпен жүрмек. Жолаушылар арасында Ақтөбе ферроқорытпа зауытының қызметкерлері де бар.

– Еуразиялық топ тек өз қызметкерлерінің ғана емес, тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған көптеген жобаларды жүзеге асырып келеді. Біз облыс және қала басшылығының қоғамдық көлікті жаңартумен белсенді айналысып жатқандығынан хабардармыз. Сондықтан осы маңызды әлеуметтік мәселеден тыс қалмауды жөн санадық. Сонымен қатар, Ақтөбе ферроқорытпа зауытының төрт мың қызметкерінің басым бөлігі осы қоғамдық көлікті пайдаланады.

Сондықтан да біз әріптестеріміздің жұмысқа дейін және үйге барынша қолайлы қатынауына мүдделіміз. Ол үшін Еуразиялық топтың құрамындағы «ТрансКом» компаниясымен бірлесіп, «Жолаушылар тасымалы» жобасы аясында жаңа автобустар сатып алынды, – деп атап өтті «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры Жалғас Мұсабеков.

Жаңа автобустарды қала басшылығына тапсыру салтанатына қатысқан Ақтөбе ферроқорытпа зауытының қызметкерлері соңғы жылдары қала және кәсіпорын басшылығы жолаушыларды тасымалдау мәселесін айтарлықтай жақсартқанын атап өтті.

«Бұрын біз ескі Лиаздармен жұмысқа қатынайтын едік, содан кейін жаңа ПАЗдар пайда болды. Бірақ олар да уақыт өте ескірді. Жолаушылар сыймай, қарбалас шақтарда адам толып кететін. Енді, міне, «Батыс-2» мөлтек ауданынан жұмысқа кең, жаңа автобустармен қатынайтын боламыз. Аралығы 8-10 минут, жайлы отырып баруға болады. Шынымды айтсам, қуаныштымын. Біз қалада болып жатқан өзгерістерді көріп отырмыз, адамдарға қажетті жағдай барынша жасалып жатыр», – дейді Ақтөбе ферроқорытпа зауыты өндірістік-техникалық бөлімінің инженер-технологы Асхат Бегарыстанов.

Еуразиялық топ өз кәсіпорындары орналасқан қалалардың ірі әлеуметтік инвесторы болып табылады. Жыл сайын өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоя отырып, ERG және Ақтөбе облысының әкімдігімен бірлесіп өңірдің әлеуметтік маңызды жобаларын қаржыландыруды және іске асыруды қамтамасыз етеді. 2018 жылы компания тарапынан қаржыландыру көлемі 2 млрд теңгеден асты.

Пікір қалдырыңыз

Просмотров: